Қанағат қылудың хикметі

   Біздей әлсіз құлдарын Исламмен, иманмен, Құранмен және басқа да тауысуға болмайтын сансыз нығметтерімен табыстырған Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын!

      Адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммед Мұстафаға, Оның әулетіне және асхабына салауат пен сәлемдер болсын!

     Қанағат – Алланың жазған тағдырына разы болу , азға сабыр ету, яғни өз мұқтаждықтарын өтей алатындай заттай мүмкіндікке ие болып, өзгелердің қолындағы нәрсеге көз тікпеу арқылы құмарлықты жою деген сөз.

   Қанағат Алланың кітабында астарлы түрде бірнеше жерде айтылған. Соның екеуіне тоқталаып өтейік. Жаратушы Алла Тағала былай дейді: « Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде- кім мүмін ретінде сауапты да игілікті істер атқарса , Біз оған міндетті түрде пәк әрі жақсы өмір сыйлаймыз» (« Нахыл», 96 аят).Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) аяттағы «жақсы өмірді» қанағатшылдық деп түсіндіреді (Имам Табари).

Сахабалардың көзін көрген табиғин Хасан әл- Басри де: «Пәк әрі жақсы өмір деп қанағатшыл болуды айтамыз»,- дейді. Демек, астарлы түрде жақсы өмір қанағатпен тең деген мағына шығады.

Яғни, ізгілікке толы, салиқалы ғұмыр кешу үшін қанағатты дос тұту керек. Қанағатшыл пенделердің сыйы осы болса керек. Басқа бір аятта Жаратушы Алла: «Егер олар кедей болса, Алла шексіз шарапатымен оларды қамсыздандырады», – дейді («Нұр» сүресі, 32аят).

Атақты тәпсірші Бағауи аяттағы қамсыздықты қанағатшылдық деп түсіндіріп, мәнін ашады.

   Пайғамбарымыз қанағатшыл адамдарды былай деп мақтаған:

«Мұсылман болып, өзіне жеткілікті ризық берілген және де Алланың берген нығметтеріне қанағат ететін кісі – күмәнсіз құтылған болады!» (Мүслим, Зекет,125)

Тағы да Пайғамбарымыз:

«Аллаһым! Мұхаммед отбасының ризығын тек мұқтаждықтарын өтей алатындай қылғайсың» деп дұға ететін (Мүслим,Зекет,126)

Қанағатшылдыққа жетелейтін 8 түрлі қасиет бар:

1.Барға разы болу;

2.Тақуа жандардың қанағатшылдығынан сабақ алу;

3.Дүние жұмсауда үнемшіл болып, ысырапшылдықтан ада болу;

4. Пайғамбарымызға ұқсап қанағатшылдықты сұрап дұға қылу;

5. Ризық несібе күллі жаратылыстың маңдайына жазылғанына кәміл сену;

6. Бойды қанағатшылдыққа үйретіп, қомағайлықтан алыс болу;

7. Құдайға деген сенімін күшейту;

8. Өлімді жиі еске алып, өлілерді зиярат ету.

Қнағаттан жұрдай адамдардың осы бір жағдайын Алланың Елшісі былайша суреттейді:

 «Адамзат баласының бір ойпат толы алтыны болса, тағы бір ойпат алтыны болуын қалайды. Оның көздерін топырақтан басқа ештеңе толтыра алмайды. Бірақ Алла – тәубе етушілердің тәубесін қабыл етеді» (Бұхари, Ризық, 10; Мүслим, Зекет,116-119)

Демек, біз қанағатсыздықтың күнәсынан тәубе етуіміз керек. Пайғамбарымыз мұндай жағдайдағы адамдарға төмендегідей кеңес берген:

 «Сіздерден біреуіңіз мал- мүлік пен жаратылыс тұрғысынан өзінен жоғарылау біреуге қараған кезде, өзінен төмендеулерге де назар аударсын(Сонда, өзінің жағдайына шүкір ететін болады)» (Бұхари, Ризық,30)

Қанағатсыздыққа сеп болатын 4 түрлі сипат бар:

1.Сараң байлармен көп араласу;

2.Өзіңе жете тұра, одан көбін сұрай беру;

3.Құран оқып, аяттарына ой жүгіртуді тәрк ету;

4.Өлімді ұмытып, ақыретін естен шығару.

 Бірде дінге сенбейтін адам Пайғамбарымызға қонақ болады. Сонда Алла Елшісі қонағына арнап ешкінің сүтін сауады. Ардақты Елші қонағын сыйлап , бір тостаған ешкінің сүтін ұсынады. Қонағы әлгіні ішіп тауысқан соң, оған сүт толы екінші тостағанды алып береді. Оны да ішіп алады. Сөйтіп жеті тостаған ішеді.

Келесі күні Құдайдың құдіретімен жаңағы дінсіз адам мұсылман болады. Ардақты Пайғамбарымыз әлгі қонағын сыйлап тағы да бір тостаған сүт береді. Оны ішіп болған соң, екіншісін алып келсе, жартысын ішіп тауыса алмайды. Сонда Пайғамбарымыз : «Мүмин адам бір тостағанды қанағат тұтса, кәпір жетеуіне  де тоймайды»,- дейді(имам Мүслим)

Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыз нағыз байлықтың ақшаның көптігі емес, көңілдің тоқтығымен болатынын білдірген. Халқымыз: «Жоқты бар десең – құт болар, барды жоқ десең – жұт болар»-дейді. Алла баршамызғада қанағатшыл құлдардың қатарынан қылдырсын. Әумин!

           Жасұлан ЛЕСБАЙҰЛЫ,

       Әт- Тақуа мешітінің наиб имамы.