ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ЖАТ БОЛҒАН АҒЫМНАН САҚТАН!

Қазақ даласында тәуелсіздік алғалы ата баба діні мен салт дәстүріміз қайта жанданып, тынысымыз кеңейіп көптеген рухани құндылықтарымызға қол жеткіздік.

Қазақ баласының өз руханиятына қайта қауышып діни ілім білімін жетілдіруге талпынған жастарымызға өз жымысқы араңдату арам пиғылын астыртын тықпалап, діни наным сеніміне селкеу түсіріп сергелденге салатын жат ағымдарда кеңінен етек жайғаныда баршамызға аян.

Сол діни жат ағымдардың бірі сәләфизм ағымы. Бұл жат сәләфизм ағымы он қайнаса қазаққа сорпасы қосылмайтын әрі рухани мәдени құндылықтарымызды, салт дәстүрімізді анық ашық мойындамайтын еліміз үшін жат ағым.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламаларының пәтуаларына құлақ аспайтын өздерін тек қана сауд арабиясымен ғана байланыстыратын бұл ағым жергілікті ҚМДБ тарапынан бекітілген имам ұстаздарға да бағынбай мешітте жиі бүлік шығаратын, өздерінің ұстанымдарынан қайтпайтын сана сезімдері әбден уланған қазақтың бірлігіне, ел тыныштығына өте қауіпті ағым.


Сәләфилердің негізгі сипаттары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымынан айырмашылықтары:
•діни қағидаларды ақылмен түсіндіруді терістеп, Құран және хадистерді тікелей мағынасында ұғынады;
•Исламды түрлі жат әдеттер және барлық бидғаттардан тазарту қажет деп есептейді;
•Алла мен адам арасындағы уасилә (дәнекерлік) мүмкіндігін жоққа шығарады;
•зайырлы мемлекеттік құрылымды мойындамайды;
•діни көзқарасына байланысты кейбір азаматтық міндеттерден (әскери борышты өтеу, мектепке бару т.б.) бас тартады;
•зайырлы өмір салтына тән бірқатар үрдістерден (суретке түсу, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді атап өту т.б.) бас тартады;
•матуриди және ашғари сенім мектептерін, сондай-ақ сүнниттік бағыттағы төрт мәзһабты мойындамайды;
•кез келген сопылық жолын адасушылықта айыптайды;
•ұлттық салт-дәстүрлерді бидғат әрі адасушылық деп санайды;
•сәләфилік идеологиясын ұстанбайтын мұсылмандарға төзімсіздік танытады.


Өз кезегінде сәләфия ағымы ақида (сенім) немесе саяси мәселелерге байланысты әртүрлі ағымдарға бөлініп, бүгінде түрлі атаулармен әрекет етуде. Қазақстанда сәләфилік бағытындағы «мадхалия», «сурурия», «тәкфир» және «хаддадия» ағымдарының жақтастарын кездестіруге болады.

Жасұлан Қуанышұлы,
Жылыой ауданының Бас имамы.