Қызыр мен Қыдыр ата деген кім?

          Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Мақтау атаулының барлығы тек бір Аллаға тән және де оның сүйікті елшісі, ардақты пайғамбар Мухаммед Мустафаға Алланың сәлемі болғай!

          Тақырып бойынша сөз өрбітетін болсақ, Қызыр немесе Қыдыр ата туралы шариғи тұрғыдан барынша, азды-көпті мәлімет келтіруге тырысайық. Исламның негізгі қайнары Құран және хадистерден дәлелдер: Құранда Қызыр туралы екі жерде айтылады.

Яғни оның аты нақты айтылып, түр-түсі түстелмесе де сипаты келеді және де тәпсірші ғалымдар сол кісіні Қызыр деп атайды. Яғни Бақар және Каһф сүрелерінде Қызыр туралы айтылып кетеді. Ол жерде оның тақуа кісі болғаны туралы айтылады.

Яғни Қызырдың данышпан, тақуа кісі болып, Мұса пайғамбармен бірге болғаны туралы айтылған. Бұхариден жеткен хадисте – Қызырдың Мұса пайғамбармен жолығып, оған кейбір өнегелі дүниелерді үйреткені туралы айтылған. Кейбір хадистерде Қызыр емес Хазир деп те аталған. Құранда Қызыр деген атау мүлдем кездеспейді. Бірақ та оның орнына «Салих пенде», деп айтылған және сол салих пенденің Қызыр екендігі туралы хадистерде айтылған. Бірақ та бірде-бір хадисте Қызырдың өлмейтіні туралы, күні бүгінге дейін тірі екені туралы айтылмаған. Осыған қарамай кейбір адамдардың түсінігінде – Қызырдың әлі күнге дейін тірі екені туралы және оның ел аралап, кейбір адамдарға көрінетіні, әулиелік қасиеттері т.б. туралы әңгімелер таралған. Ислам ғұламаларының айтуы бойынша ешбір адам мәңгі емес, сол секілді Қызыр да. Егер де ол тірі болған кезде Пайғамбарға ﷺ келіп, оған иман келтірген болатын еді.

Имам Бұхариден Қызыр және Ілияс пайғамбардың тірі екені туралы сұралған кезде, ол – Пайғамбар ﷺ: жүз жыл өткен соң қазіргі таңда жер бетінде өмір сүріп жүрген кісілердің бірде-бірі тірі қалмайды, – деп айтқанын келтіреді. Бұл хадис Бұхари және Муслимде келген. Бәдір соғысында Пайғамбар ﷺ Аллаға былай деп дұға жасаған еді: «Уа раббым! Егер де сен соғыстағы мына мұсылмандарды аман алып қалмасаң, онда жер бетінде саған құлшылық жасайтын бірде-бір пенде қалмайды».

Міне осы дұғадан да Қызырдың әлі күнге дейін тірі емес екенін түсінуге болатын еді. Олай болмағанда, Пайғамбар ﷺ өз дұғасында «Қызырдан басқа» не «Қызырмен бірге» деген сөздерді қосатын еді. Қызырдың тірі емес екені туралы Әнбия сүресінің 34 аятында айтылады. Яғни Пайғамбар Мухаммедке ﷺ дейін бірде-бір адам мәңгі өмір сүрмегені туралы, пайғамбардың өзі дүниеден озып жатса, басқа адамдар қалайша мәңгі өмір сүреді деп айтылған. Өйткені Алланың ең сүйікті пендесі ол – Мухаммед ﷺ еді.

Мәңгі өмір сүру сипаты адамға берілгенде бірінші кезекте Мухаммед ﷺ пайғамбарға берілетін еді. Қазіргі таңдағы көпшілік кісілердің түсінігі бойынша – Қызыр өлмейтін, әулие кісі болып, ел аралап, кейбір адамдардың көзіне көрініп, кім оны көрсе, сол адамға Қызырдың берекесі дарып, сол адам бақытты болад-мыс. Адамдар арасында жүретін әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің барлығына бірден еріп кете бермей, әліптің артын бағып, әр нәрсенің байыбына жетіп барып, шешім шығарған жөн. Яғни жоғарыда келтірілген хабарлар бойынша, шариғи тұрғыдан Қызыр туралы айтылып кетті.

Қазақ қоғамындағы Қызыр немесе Қыдыр ата түсінігі де осы тұстан келіп шығады. Яғни оның әулиелігі тұрғысынан ел аралап жүріп кейде кейбір адамдардың көзіне көрініп, сол арқылы көрінге адамға Қызырдың берекесі даруы туралы әңгімелер кеңінен таралған. Шариғи тұрғыдан қарағанда әулие кісінің кереметі деген рас болып саналады.

Бірақ та әулиенің кереметі өзінің көзі тірісінде амалға аспаса, ол дүниеден өткен соң да орын алып отырады деген түсінік қате болады. Өйткені Алла Тағала Муьминун сүресінің 100 – аятында бұл дүниеден озған кісілердің мына дүниеге қайта-қайта келіп тірілерді зиярат ететінін емес, керісінше, қабір әлемінде болатынын айтқан. Бұдан алатынымыз – Қызыр дүниеден өтіп кеткен болса, оның кереметі мен әулиелігі де өзімен бірге кетті.

Ол әлі күнге дейін тірі, әрі халық арасында жүреді деген қауесет қате болып саналады және де оның тірі не дүниеден озғаны туралы шариғи мысалдарды келтірдік. Түйіндей келе шариғат Қызырдың кереметтері мен сипаттарын мойындайды бірақ оның әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқанын жоққа шығарады. Ал халық арасында Қыдыр қолдасын, Қыдыр жолдасың болсын деген бата сөздерге келсек, Алла Тағала Ағраф сүресінің 180 – аятында «Алланың көркем есімдері арқылы дұға жасаңдар», – дейді.

Біз Алладан не сұрасақ та, оны тек өзінен ғана сұрап, араға дәнекер қоспай, тіке өзіне ғана жалбарынсақ – ең абзалы осы болар! Ал әулиенің қолдауы мен шапағаты деген – қияметтегі Алла берген шапағат ету мүмкіншілігіне ие жандарға ғана нәсіп ететін дүние болғандықтан, әулиелер шапағаты осы дүниеде емес керісінше қияметте бізге нәсіп болғай деп тілеп қаламыз!

Ахад ҚҰРАЛОВ,

Атырау селолық мешітінің ұстазы