Рамазанның соңғы он күнін қалай өткізу керек?

Қазір біз Рамазан айының соңғы күндерін өткізудеміз. Бұл күндер аса маңызды. Белгілі хадистерде келтірілгендей, Рамазанның соңғы он күні – тозақтан құтылу кезі.


Рамазан айының жартысы өтіп кеткенде көптеген мұсылмандар біраз босаңсый бастайды, яғни, – ораза мен түнгі құлшылықтардың ізі байқалады. Десек те, осынау ерекше бір кезден барынша пайда алуға тырысып қалған абзал.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де солай жасаған. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай келтірген:


«Рамазанның соңғы он түні басталғанда, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнді құлшылықпен, намаз оқумен өткізетін, отбасын оятып, құлшылықта жігерлі болатын».
Рамазанның соңғы он күнінде барынша көп құлшылық ету, ықыласты арттыру, мүмкіндігінше Құран оқуға мейлінше уақыт  бөлу, Алланың еске алу әрбір уақытты тиімді пайдалану әрбірімізге қажет.


Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Қайта тірілу күні ораза мен Құран адам үшін куә болады. Ораза: «Уа, Алла, мен оны күні бойы ас-судан, өзге де тілектерінен тыйдым, енді оған шапағатшы болуға рұқсат бер», – десе, ал Құран: «Уа, Жаратушым, мен оны ұйқыдан айырдым, енді оған шапағатшы болуыма рұқсат бер», – деп айтады.


Сонымен, Рамазанның соңғы он күні барлық дұға тілектер қабыл болатын уақыт болғандықтан мына амалдарды жасаған жөн:
– Ізгі амалдар жасауға ниет ету;
– Құран кәрімді толық оқып шығу;
– уақыттың көп бөлігін құлшылықпен өткізу;
– мейлінше көп жақсылық жасау, садақаны көбейту;

– күнделікті ізгі амалдардың санын арттыру.


Тура жол әрі жүректерге шипа болған Құран түскен Рамазанның соңғы 10 күнінде Пайғамбарымыздың өзі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аса ыждағаттылықпен құлшылық қылған. Соңғы он күндікте ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзін түгелімен Аллаға құлшылық етуге арнайтын.

Әрине, Алла Елшісінің ғибадаты қай кезде де ерекше, ынта мен ықыласқа толы еді. Әйтсе де Рамазан айындағы ғибадаттың аса маңыздылығы үшін, әсіресе соңғы он күндіктің аса қадірлі болуы себепті, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмметіне үлгі болды. Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға қайтқанға дейін Рамазанның соңғы ондығында иғтикафта (оңашалануда) отыратын, сосын оның әйелдері Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), дүние салғаннан кейін иғтикафқа отыратын болды», – делінеді. Яғни, бірінші қадам – он күнді әлемдердің Раббысына арнауға ниет ету.


Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы бөлігінің түнін құлшылықпен өткізуінің тағы бір себебі: тақ түндерінде Қадір түнін іздеу еді. Себебі: «Қадір түнін шын иман келтірген әрі сауаптан үміттенген халде өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі».

«Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ», – деп куәлік ету және көп истиғфар айту, яғни, күнәсі үшін Хақ Тағаладан кешірім сұрау.

Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан Жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстағанға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хауызымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіруге дейін шөлдемейді», – деді».

Осы жерде бұл хадисті келтірудегі мақсат: назарыңызды Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ»,-деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан Жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу», – деген сөзіне аудару.


Яғни, күнәлардың кешірілетін айында және күнәлардың кешірілу нығметіне толы қасиетті түнде көбірек дұға жасауға, құлшылығымызды арттыруға тырысуымыз керек. Күнә жасауда емес, Аллаға көбірек құлшылық жасауда, адамдарға жақсылық жасауда жарысуымыз керек.

Міне, бұл Рамазанның соңғы он күнінде мұсылманға қажет кейбір тұстар ғана. Бастысы, ұмтылыңыз, Алла Тағала ықыласты болған амалдың сыйын міндетті түрде береді. Алла баршаңызға сүйген құлдарының қатарынан болуға жазсын! Осы бір мүбәрак айдағы құлшылығымыз бен қайырымдылығымыздың сауабы молая түссін!

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

“Сұлтан Бейбарыс” мешітінің имамы, Атырау қаласы.