Сәлем берудің әдебі қандай?

 Исламда сәлем берудің астарында үлкен мағына бар. Сәлем – амандық тілеп, басқа мұсылман бауырыңа дұға етуің.

Яғни, бір мұсылман басқа мұсылманға «Әссәләму ғаләйкум» дегенде: «Саған Алланың амандығы болсын», сені Алла Тағала жаманшылық атаулыдан, пәле-жаладан, ауру-сырқаттан сақтасын, күнә атаулыдан сақтасын»,- деген сияқты көптеген мағыналарды өз ішіне қамтиды. Сәлем – ол бір дұға. Оны дұға ретінде айтып және қабылдау керек, өйткені дүние мен ақыреттің барша нығметі «Әс-сәләм» сөзінің ішінде қамтылған.

Әбу Һурайрадан (р.а) Алла елшісінің  (с.ғ.с) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Алла Тағала Адамды жаратқанда оны бірнеше періштеге жіберіп: «Бар да оларға сәлем бер және олардың саған қалай жауап бергенін ұғып ал, өйткені сен үшін және сенің ұрпағың үшін сәлем беру – олардың саған айтқан жауабы болады», – деді.

Сосын ол оларға:  «Әс-сәләму ғаләйкум»  деді, ал олар жауап ретінде: «Әс-сәләму ғаләйкә уә рахматуллаһи!» деп, оның сәлеміне: «Уа рахматуллаһи» (…және Алланың рахымы!) – деген сөздерді қосты».

Қарап отырсақ сәлем сөзі ең алғашқы бүкіл адамзаттың атасы Адам (а.с) бастау тапқанын көреміз.

Ниса сүресінің 86-шы аятында Алла Тағала: «Қашан сендерге бір амандасумен сәлем берілсе, онда сәлемді одан да көркемірек етіп, я соның өзіндей қылып қайтарыңдар. Расында, Алла барлық нәрсені есепке алушы»,- деп айтқан. Алла Тағала бұл жерде сәлем мен оның әдебін айтып жатыр.

Бұл сәлемнің ішінде Алланы зікір қылу бар, өзінің бауырына қарым-қатынас пен махаббатты білдіру бар, бауырына деген ең жақсы дұға да бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан хадистің мағынасында: «Алла Тағалаға ең жақын адам – (бірінші) сәлем бастаған адам.

Сәлемдесу – сүннет, ал оған жауап беру уәжіп болып табылады. Бұған дәлел ретінде айтсақ, бір күні Пайғамбар (с.ғ.с): « Мұсылман адамның басқа мұсылманда  алты  хақысы бар» ,-деді.

 Сонда сахабалар: «Иә, Расулулла! Олар не?» деп сұрайды. Сонда ол (с.ғ.с): «Егер оны кездестірсең – сәлем бер…»  деп жауап қайырды.  Таныс және бейтаныс барша мұсылмандарға сәлем беру жайында Абдулла ибн Амр (р.а) мына хадисті риуаят еткен: Бір кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Исламдағы істердің қайсысы абзал»  деп сұрағанында, Пайғамбар (с.ғ.с) : «Біреуді тамақтандыру, таныған адамға да, танымаған адамға да сәлем беру» ,-деді.

Бұл хадис адамдар арасында сәлемді жаюға шақырады. Өйткені бұл іс адамдар арасында сүйіспеншіліктің орнауына ықпал етеді. Ал, тек танысына ғана сәлем беру – мақтауға тұрарлық іс емес, өйткені бұл – қиямет қиямет күнінің белгілерінің бірі. Ибн Масғуд (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін айтады: «Қиямет күнінің белгілерінің бірі – таныған адамдарға ғана сәлем беру».

Сәлем беру әдептерінің тағы бірі Әбу Һурайра (р.а) риуаят еткен хадисте келеді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көліктегі адам жаяу адамға,  жүріп келе жатқан адам отырған адамға  және  аз адам, көп адамға сәлем береді» деп айтқан.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сәлем бергенде әрі оған жауап қайтарғанда да дауысын көтеріп, естіртіп айтатын болған. Егер бір адам естіртпей, ақырын дауыспен сәлем берсе, тек кейбір жағдайларда болмаса, оған ол үшін сауап жазылмайды.

Осы жайлы Ибн Омар (р.а) былай деп айтқан: «Егер сен сәлем берсең, сәлеміңді естірт. Міне, сонда сәлемің берекелі, әрі көркем болады» .

 Ибн Хаджар: «Пайғамбардың (с.ғ.с) сәлемді жаюға әмір еткендігіне сүйенсек, онда сәлем беруде дауыстың бәсең болуы жеткіліксіз. Керісінше, дауысты көтерудің ең төменгі деңгейі – сәлем бергенде және оған жауап қайтарғанда оны естілетіндей етіп айту. Әрі дауысты көтермей қолмен я басқа да нәрселермен ишарат етіп сәлемдесу де жеткіліксіз» ,- деген.

Имам Науауи айтады: «Егер сәлем беруші адам сәлемін естіртпей айтса, онда ол сәлем берген болып есептелмейді. Сондықтан, оған жауап беру міндет емес. Сол сияқты сәлемге жауап қайтарудың міндеті – сәлем берген адамға жауапты естіртіп айтумен ғана түседі».

Баршамызға Алланың амандығы, рахымы және берекеті болғай. Әмин!

Алмат  ҚАРТАБАЕВ,                                                                                

«Мақат аудандық» мешітінің наиб имамы.