Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Атырауда бірнеше мешітте жамағатпен кездесіп, жұма уағызын өткізді.
Орталық «Иманғали» мешітінде, Сұлтан Бейбарыс мешітінде «Исламдағы адам өмірінің маңызы мен құқығы» тақырыбында насихат айтқан ұстаз, өмір – адам баласына берілген басты құндылық екенін атап өтті.
«Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында: «Ол сондай Алла, сендердің қайсыларың жақсырақ іс-амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан» деді ұстаз Сансызбай Құрбанұлы.