Сәресіне ұйықтап қалсақ не істейміз?

Жазғы уақытта түннің қысқа болу себебінен ораза ұстайтын адамдарға сәресіне ертерек тұруға тура келеді.

Ал, күндіз жұмыс істеп немесе оқып, түнде хатым Құранға қатысатындар кейде шаршап сәресіне тұра алмай жатады. Осындай жағдайда да Ислам діні парыз саналатын оразаны қалдырмауды бұйырады. 

Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам оянып, аз болса да, бірер нәрсе жеп-ішіп, оразаны ниет етемін десе, ниеті де, сол күні ұстайтын оразасы да дұрыс болмайды. Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам оянғанда оразаны бұзатын, яғни жеп-ішу, жыныстық қатынас секілді істерді тоқтатып, осы күннің оразасын тұтуды ниет етеді. Тал түске дейін ниет етуге болады.

Сәләма есімді сахабадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Асләм тайпасынан бір кісіге былай бұйырды: «Адамдарға жарияла, кім де кім бүгін тамақ ішкен болса, күннің қалған бөлігінде жемесін. Кім де кім ешнәрсе жемеген болса, ораза тұтсын. Өйткені бүгін – Ашура күні» (Бұхари, Мүслим). Бұл хадисте Рамазан оразасы Ашура күніне қияс етілген (салыстырып қаралған). Себебі Исламның алғашқы уақытында Ашура оразасы парыз болған еді (Иғлаус-сүнән).

Имам Тахауи: «Бұл хадисте белгілі бір күнде ораза тұтуы қажет адам түнде ниет етпеген болса, оның күндіз ниет етуі дұрыс екеніне дәлел бар», – деген. Сондай-ақ таң атқаннан кейін оразаны бұзатын істер жасалмаса, оның зауалға (күн ауғанға) дейін ниет етуідұрыс болып есептеледі. Егер таң атқаннан кейін әдейі немесе ұмытып тамақ, су ішсенемесе жыныстық қатынас жасаса, бұдан кейін оның сол күнгі оразаға ниет етуі дұрыс болмайды (Фәтәуа Һиндия, Шарх Тахауи).

Демек Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам оянған кезде ешнәрсе жемей, ішпей ораза ұстауды ниет етіп, әрі қарай оразасын ұстауы міндет болады.

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №6, 2022 жыл