Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ: Абай да «Алла» деп жазған

 Қоғамдағы дін ұстанушылар мен жастар арасында араб тілінен енген кірме сөздерді сол қалпында қолдану трендке айналып кетті.

Ана тіліміздің тазалығына, ішкі көздер бойынша жасалған терминдер қорына мұндай сөздер нұқсан келтіріп жатыр ма?

KAZISLAM порталы аталған мәселе жайында білу үшін филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ лексикасының терминдеуін» зерттеген Шерубай Құрманбайұлымен сұхбаттасты.

– Шерубай Құрманбайұлы, соңғы кездері қазақтың тілдік қоры мен әдебиетіне арабша сөздердің көптеп еніп, жиі қолданылып жүргені неге байланысты деп ойлайсыз?

– Дінге тыйым салған Кеңес одағы құлап, Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін елімізде мешіттер ашылып, ислам діні кеңінен насихаттала бастады. Мұсылманнның бес парызын орындайтын, қажылыққа барушы азаматтар саны артты. Діни білім беретін оқу орындары ашылды. Соған байланысты діни әдебиеттер мен дінді насихаттайтын, уағыз айтатын мамандар саны да жыл санап көбейді.

Осы жылдар ішінде араб елдерінде, өзіміздің діни оқу орындарында білім алған мамандар қатары 90-жылдармен салыстырғанда едәуір өсті. Құранның, діни әдебиеттер мен мұсылмандардың жоғары діни оқу орындарының негізгі тілі – араб тілі. Сондықтан арабша діни сөздер қолданысқа көбірек ене бастады. Олардың барлығы дерлік әдебиет, өнер, ғылым мен технологияға қатысты атаулар мен ғылыми терминдер емес, негізінен дінге қатысты түсініктер мен ұғымдар.

– Он сегіз мың ғаламның иесі, жалғыз жаратушымыз Құдай тағаланы «Алла» немесе «Аллаһ» деп айтуға қатысты да қызу пікірталастар болып жатады. Сіздің ойыңызша, дұрысы қайсы?

 – Қазақ осы уақытқа дейін ұлы Жаратушыны «Алла» деп келді. Тілімізде «Алла» деп келетін тіркестер мен тілек мәнді сөйлемдер өте көп. «Алла жар болсын!», «Бір Аллаға сиынып», «Алладан тілек тілеңіз», «Алланың жазуы» деп жалғасып кете береді. Биыл 175 жылдық мерейтойын ел болып атап өтіп отырған ұлы Абай да «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» демеп пе еді?! Енді тілдегі қолданысы әбден орнығып, санаға сіңіп кеткен сөзді «Аллаһ» деп өзгертуді өз басым дұрыс деп ойламаймын.

Шет тілінің сөздерін ана тілімізге икемдеп алу мен түпнұсқадағыдай етіп айтуға, жазуға тырысу баяғыдан бар құбылыс. «Аллаһ» деп айтушылар осының екінші бағытын ұстанушылар. Мәселен, ескі қазақ әдеби тілі мен ХХ ғасырдың басына дейін жарық көрген кейбір басылымдарда араб тілінен енген кейбір сөздер «һәр», «һәммасы», «хәріп» түрінде де қолданылған. Кейін олар «әр», «әмбесі», «әріп» түрінде айтылып, жазылатын болды.

Тіл заңдылығы, тілдің дыбыстық жүйесі тұрғысынан қарағанда кірме сөздердің өз тізімізге икемделгені дұрыс. Мен мәселеге лингвистикалық тұрғыдан қарап, пікір айтып отырмын. Бұл мәселеге діни наным тұрғысынан қарап, құран тілін, араб тілін бұзбау керек деп қарайтын көзқарас та бар. Пікірлер қайшылығы осыған байланысты туындап жатқан болар деп ойлаймын.

– Шерубай аға, жалпы бұл сөздің шығу төркінін айтып бере аласыз ба?

– «Алла» ( الله ‎) «Құдай» деген ұғымды білдіретін араб сөзi екенін білеміз. Бұл сөз әл-илаһ (al-ilāh) – «осы Құдай» немесе «бір Құдай» деген сөзден қалыптасқан деп түсіндіріледі. «Жаратушы», «Құдай» мағынасындағы «Ел» және «Елаһ» деген иврит және арамей сөздерінен бастау алады деп те жазылады. Бұл сөз жалпы исламға дейін де араб тілінде қолданылған. Сөздің төркінін арнайы зерттеп, іздеп көрмедім. Нақты, дәлелді тұжырымды жан-жақты қарастырып, тиісті ғылыми, діни әдебиеттерге сүйене отырып айту керек деп ойлаймын.

– Ал қазір «әлхамдулиллаһ» «машаллаһ», «субханаллаһ», «иншаллаһ» секілді одағайлардың дін ұстанған жастар арасында болсын, солармен араласатын адамдар арасында болсын кеңінен тарап кетуі қазақ тіліндегі балама сөздердің әлсіздігінен бе?

– Мұнда да жоғарыда айтылған «Аллаһ» сөзі сияқты түпнұсқадағыдай айту бағытын ұстану байқалады. «Құдайға шүкір» «Алланың қалағаны болды», «Алла пәк», «Құдай қаласа» деуден гөрі қазір сіз мысалға алып отырған сөздер жиі айтылатын болды. Мұның бір себебі, бұған дейін де осы сөздердің ішінен «Аллаға шүкір», «Құдай қаласа» тіркестерінен өзгелерінің қазақ тіліндегі балама нұсқасы айтарлықтай жиі қолданыла қоймаған еді. Екінші себеп имамдар, уағыз айтушылар мешітке барған жамағатқа, кейінгі буын өкілдеріне бұл ұғымдардың араб тіліндегі нұсқаларын айтып, мағынасын түсіндірді.

Сондай-ақ, бұл арабша атаулардың айрықша қасиеті бар деген уағыздар да айтылып, түсініктемелер берілді. Мәселен, «asyldin.kz» сайтында «Сұбханаллаһ» сөзінің 10 қасиеті» деп түсіндіретін материал тұр. Онда «Әр намаздан соң «Cубхана-Лла», «Әл-хамду ли-Лләһ» және «Алла Акбар» деп он рет айтқан жұмаққа барады» деп түсіндірілген. Хадистерде «осы сөздің әрбір әрпі үшін он сауап алады» деп көрсетілген деген. Бұл атауларды дін мамандары мен діни әдебиеттерде құран мен хадистердегідей бұзбай айту керектігі насихатталып, түсіндіріліп жатса, дінге бет бұрған қауымның санасында солай орнығуы, солай қолданылуы заңды құбылыс қой.

– Дін ұстанушы қауым үшін мұндай сөздерді айту заңды құбылыс дедіңіз. Сонда әркім өзіңше айта бергені дұрыс па?

– Дін ұстанушы қауым тарапынан мыңдардың, миллиондардың санасына осылай сіңіріліп жатқаннан кейін діни ұғымдар мен түсініктердің қазақша баламалары қаншалықты сәтті жасалған болса да, қолданылуы қиын.

– Сондай-ақ «намазхан» сөзіне қатысты қандай пікір білдіре аласыз? Біреулер кірме сөз десе, енді біреулері өзіміздің төл сөзіміз дейді.

– «Намаз», «намаздыгер», «намазшам» деген атаулар да тілімізге ертеде енген парсы сөздері. Түбі кірме болғанымен, ұзақ мерзімдік қолданыстан кейін тілге әбден сіңіп кеткендіктен, қазақтың төл сөздері, байырғы ұғымдары сияқты қабылданады. «Намазхан» намаз оқитын, намазын қаза қылмайтын мұсылман дегенді білдіреді. Ал «намаз» сөзіне қосылған «хан» қолданыста жүрген намаз оқитын орын деген мағынаны білдіретін «намазхана» сөзінен ықшамдалып алынған шығар деп болжаймыз. Өйткені «намазхан» үнемі намаз оқитын, «намазханаға» жиі баратын адам ғой. Тіпті, «намазхан» ұғымы қазақ тіліндегідей мағынада парсыда қолданылмауы мүмкін. Сондықтан «намазханды» төл ұғымдар қатарына қоссақ, жаңылыспаймыз.

– Белгілі бір діни сөздер мен есімдерді тілдік заңдылықтарымызға икемдеп қолдануға сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Мен кез келген кірме сөз мүмкіндігінше жергілікті тілге бейімделіп алынуы керек деген ұстанымды қолдаймын. Бірақ, әр сөзге, әр терминге жеке қарауды ұмытпау қажет.

– Әр терминге жеке мән беріп қарағанда, қазақ тілінің ішкі көздері бойынша жасалған терминдер қорына қандай да бір қолдау көрсетіліп жатыр ма?

– Меніңше, мұндай жұмыстарды ең алдымен, мұсылман қауыммен тікелей жұмыс істейтін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармалары, имамдар мен мүфтилер жасауы керек. Содан кейін діни білім беретін оқу орындарының мамандары қазақша діни атаулардың түсіндірме сөздіктері мен арабша-қазақша және қазақша-арабша арнаулы сөздіктерін жасағаны жөн. Олардың мұндай жұмыстарды қаншалықты деңгейде жүргізіп жатқаны жөнінде ақпаратым болмағандықтан, ол жайында нақты айта алмаймын.

– Шерубай аға, тіл тазалағын сақтап қалу үшін нендей амалдарды істеуіміз қажет?

– Жалпы тіл тазалығы – өте кең, шарттылығы басым ұғым. Бұл балабақшадан, бастауыш мектептен бастап, ең жоғарғы деңгейге дейін кешенді түрде, үйлесімді жүргізілетін қыруар жұмыстарды қажет ететін тірлік. Оған білім беру жүйесі де, отандық БАҚ-та, тілін құрметтейтін әр қазақ та жаппай мүдделі болып, жұмыла іске кірісуі қажет. Әркім ұлт тілі алдындағы өз жауапкершілігін сезінуге, өз саласында, өзінің күнделікті жұмысында тілді шұбарламай, бұзбай қолдануға мүдделі болуға тиіс. Іс жүзінде көп адам оған мән бере бермейді.

 Сондықтан ала-құлалық, жарыспалылық, өзге тілдердің ықпалында кету басым. Бұл мәселе қазақ тілі ел аумағында толық үстемдікке ие болып, жаппай қолданылғанда, оған іс жүзінде қажеттілік туындағанда табиғи түрде біршама реттеледі. Ұлт мәдениетіне көңіл аударылып, ұлт мәдениеті мен салт-дәстүрі ұлықталғанда сыртқы ықпалдар азаяды. Онда да мемлекет пен тиісті құрылымдар, мамандар тарапынан тіл қолданысы, сөз мәдениетінің мән-жайы үнемі қадағаланып отыруы керек.