2019 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында Алтын орда дәуірінің ескерткіші – «Қызыл оба» қорымын зерттеу жүргізіліп келеді.
2021 жылы-ақ аталған қорымның республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіліміне қосылу фактісінің өзі нысанның маңыздылығынан сыр шертсе керекті. Өйткені, аталған тізімге кіру үшін 3 жыл уақыт күту қажет болатын.
Әзірше, «Қызыл оба» археологтер үшін үстін-үстін тосын сыйлар шығарып, түрлі сауал туындатып жатыр. Осы орайда Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және қолдану орталығының бөлім меңгерушісі Жанат Баймүсенов Kazinform агенттігі тілшісіне қазба жұмыстары мен артефактілерді табу қалай жүргізілгені жайлы айтып берді.
Тіпті сонау Ресей патшалығы кезіндегі дереккөздерде Уәлиханов ауданы аумағында жерлеу орындары екендігі айтылады. Ремизов, Фальк, Миллер бұл жерде ақсүйектердің қорымы бар екендігін айтып кеткен. Кейінірек бұл жайында Ахмет Байтұрсынұлы қалам тербесе, кеңес заманында бұл мәселемен Қазақ археологиясының негізін қалаған Әлкей Марғұлан мен Кемел Ақышев айналысқан еді.
«Қорым үш облыстың – Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының түйісінде, Сілеті өзені алқабында орналасқан. Бұл жер қиырына көз жетпес жазық дала, желі де қатты. 2019 жылы Павлодар педагогикалық институты Margulan Сentre мекемесінің жетекшісі Тимур Смағұлов М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-мен бірлесіп, қазба жұмыстарын бастап, жерлеу орнын тапқан-ды. Қазба жұмыстары қыркүйек айында қолға алынды. Жұмыстарды неліктен күзде бастау туралы шешім қабылданғанын түсіндіре де кетейін. Мазардың орнында шартты белгі тұрған еді. Ол опырылып құлаған кезе қуыс пайда болып, одан кірпіштер көрініп тұрды. Қаза бастаған кезде қабірге тап болдық. Орта жастаға ер адамның сүйегін, жанынан алтын сырға таптық», – деді Жанат Баймүсенов.
Қыста қазба жұмыстары тоқтатылды. Ал 2020 жылы тарихи нысан басындағы жұмыс толыққанды қолға алынды. Ескерткіштерді қорғау орталығының қызметкерлері екі апта ішінде шатыр лагерін құрып, кейіннен жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері мен Margulan Сentre қызметкері келді. Жан-жақтау қарау барысында аумақта 6 мазардың орналасқаны анықталды. Бастапқыда бірінші табылған жерлеу орнын зерттеу туралы шешім қабылданды. Ол көптеген тосын сыйға сеп әкеліп, біраз долбар мен болжамға да түрткі болды.
«Мазарды тазарту жұмыстарын бастаған кезде ғұрыптың қабаттан 12 см биіктіктегі кірпіштердің жақсы сақталғанын көрдік. Жерлеу орны толықтай қазылды. Сыртқы периметрі бойынша оның көлемі – 13,2х10,3. Сыртқа қарағанда – төртбұрышты, іші төртбұрышты – 5,9х5,9. Бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа – Меккеге қарай. Қабырғасының ені таң қалдырды – 120 см-ге жуық. Жерлеу едені төртбұрышы кірпішпен өрілген. Ішінде кірпішпен қаланған баспалдақпен түсетін 4 қабір табылды. Біреуі бұған дейін айтқанымдай ер адам, екіншісі – әйел адамға, қалғаны балаларға тиесілі. Балалардың бірі шамамен 13-14, ал екіншісі 7-9 жаста. Әйел кеудесіндегі сәбимен табылды. Жерлеу түріне қарағанда ер адамның ертерек жерленгенін байқауға болады. Сәбилі әйел мен балалар әртүрлі уақытта жерленген. Оның қабірінде ағаш қалдықтары пен металл бұрыштамалар қабылды. Бұл мүрде салынған табыттың ілініп тұрғанын білдіреді. Адам қыста өмірден озған кезде мүрдені табытқа салып, күн жылынып жерді қазуға мүмкіндік болатын көктем айы туғанға дейін іліп қоятын ғұрып болған. Олардың өмірден озуына қатысты түрлі нұсқа бар. Мазардың ұзақ сақталуы мен оның құрылымы ақсүйектер моласы екендігін білдіреді. Әйелден қола айна табылды. Балалардың бірінің белінен 1337 жылдары шығарылған 4 алтын тыйын табылды. Бұл Алтын орданы Өзбек хан билеген кезеңге тұспа-тұс келеді. Мүрделер кенеп қапта болуы, оның кейіннен шіріп кетуі де ықтимал. Мұнан бөлек, киімдерінен алтын жапсырмалар да болған. Тиындарды қазба жұмыстарының екінші айында таптық. Археологтардың қуанышында шек болған жоқ. Біз оның шығарылған мерзімін бірден байқап, сөз қай дәуір жайында болып отырғанын түсінеміз», – деді Жанат Баймүсенов.