Дініміздің негізін сақтаушы басты жолдардың бірі – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю (әл-Әмру биль-мағруф уә нахиу әнил-мункәр).
Мағруф – ақыл мен дініміз тұрғысынан жақсылық деп қабылданған нәрселер болса, мункәр – ақыл-санамыз бен дінімізге қайшы құбылыстар.
Алла Тағала Құран кәрімде иман келтірген мұсылмандарды жақсылыққа шақыруға шақыруды бұйырады: «Сендердің араларыңда мынадай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер».
Аятта адамдардың арасында жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын бір топ болсын деп әмір етілген. Жақсылыққа, туралыққа шақыратын адамның өзі әуелі осы қасиеттерді жүріс-тұрысымен дәлелдеп, адасқандарға бағыт-бағдар бере білетін темірқазықтай болуы керек.
Егер қоғамда жамандықтан тыяр көкірек көзі ояу тұлғалар жоқ болса, ондай қоғамның құлдырап шөгуі заңды. Адами құндылықтар аяққа тапталған қоғамның алысқа ұзап бара алмайтынына тарих куә. Басқа бір аятта Алла Тағала «Жақсылыққа шақыр, жамандықтан тый» деп бұйырады. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі» -деген.
Егер келеңсіз жайттар ислам кең тараған мемлекеттерде орын алған болса, мұны мемлекет заң шеңберінде тоқтатады. Бұл – қолмен түзету. Ал заң тұрғысынан тыйым салынбаған жерде ешкімді де қолмен түзету мүмкін емес. Тек үгіт-насихатымыз арқылы қоғамға зиянды дүниелерді ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, халықты жамандықтардан арылту үшін атсалысу керек. Жамандықтарды мемлекет заңмен тыймаса, қоғам оған бой алдырып жатса, ол қоғамның көсегесі көгермейтіні айдан анық. Егер қоғамда аталмыш дерттермен күрес болмаса, Алла олардың басына ауыр азап жіберуі мүмкін. Бұған да – тарих куә. Сондықтан да Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың хадистері қоғамдағы індеттердің алдын алудың жолдарын көрсетіп, жақсылықты уағыздап, жамандықтан тыюға шақырады.
Осындай хадистердің бірінде: «Мүміндердің күші басым ортада қандай да бір келеңсіздік орын алса, осы келеңсіздікті тудырған адаммен бірге оны көре-біле тұра тыюға атсалыспаған жақсы-жайсаңдар да бірдей жазықты болады. Осыған орай тартатын жазалары да бірдей болмақ» делінеді.
Ал, келесі бір хадисте осынау абыройлы міндет дер кезінде жүзеге асырылмаса қоғамның ауыр жағдайға ұшырайтыны былайша ұғындырылады: «Жанымды уысында ұстаған Аллаға ант етейін! Адамдарға жақсылықты жайып, жамандықтан тыясыңдар, олай етпеген жағдайда Алла Тағаланың жіберетін азабы тым жақын. Одан соң қаншама жалынып-жалбарынсаңдар да дұғаларың қабыл болмайды!» деген.
Қайырлы үмбет болудың шарттары «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю». Міне, осы міндет орындалған кезде үмбет әрқашан да басқа адамдардан артық, қайырлы болып, бүкіл адамзатқа игілік пен адалдық жолында ұстаздық жасайды. Исламның әлемдік мәдениетке үлес қосуы осы міндеттің дұрыс орындалғанына байланысты. Сахабаларды да тарихта үстем қылып, қайырлы еткен осы сипат болса, бұдан кейін келетін ислам үмбетінің қайырлы болуының шарты да осыдан келіп шығады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде: «Күн мен түн болған барлық жерге бұл дін жетеді. Алла бұл дінді лайдан және жүннен жасалған барлық күркеге кіргізеді. Ұлылар ұлылығын, қорланғандар қорлығын табады. Бұл сондай бір ұлылық – Алла онымен ислам мен мұсылмандардың даңқын арттырады. Ал күпірліктің ішіндегілерді қорлап, дәрежесін төмен қылады» – деген хадисі исламның бүкіл әлемге өркен жаятынын паш етеді.
Пайғамбарымыздың бұл айтқандары басқалар қаласа да, қаламаса да, біздер уағыздасақ та, уағыздамасақ та келері анық. Алла бізге емес, керісінше, біз Оған мұқтажбыз. Олай болса, бұл қасиетті керуеннен тыс қалмауға әрекет жасап, Алла разылығын көздеуіміз керек.
Ол өзінің разы болған құлдарына сөзсіз жоғары мәртебелерді несіп етеді. Бұл турасында аятта: «Егер Аллаға жәрдем етсеңдер, ол да сіздерге жәрдем етеді»– деп кепілдік берілген. Пайғамбарымыз (ﷺ) басқа бір хадисінде «Алланың құлдарын сүйдіріңдер, Алла да сендерді жақсы көріп, басқаларға жақсы көргізеді» деу арқылы Аллаға сүйікті құл болудың Оны өзгеге танытып, сүйдірумен жүзеге асатындығын білдіреді. Алланың разылығына бөлену – Оны сүйдіруге байланысты.
Бір құдси хадисте «Құлымның ғибадатының маған ұнамдысы Мені танытуы мен Менің атымнан насихат етуі» деуі – біздер үшін көрсетілген ең жоғарғы меже. Заманымызда әмру биль-мағруф, нәхию әниль мункәр (жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю) – өткен ғасырлардан да ауыр мойнымызға жүктелген борыш.
Бұрынғы өткен ізгілер балаларына мынадай өсиет айтатын: «Араларыңда кімде-кім адамдарға жақсылық жасау және жамандықтан бас тарту керектігін айтпақшы болса, алдымен өз нәпсісін сабырмен қаруландырып алсын. Және бұл әрекеттерінің сауабын Алладан күтсін. Кімге Алла беретін сауап нәсіп болса, онда ол адам басқалардың тарапынан болатын теріс жауаптардың ащылығын сезбейтін болады» деген екен.
Алмат ҚАРТАБАЕВ,
«Мақат аудандық» мешітінің наиб имамы.