Жауап: Жүкті әрі емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстау өзіне не баласына зиян беруден қорықса, ораза тұтпауға рұқсат етіледі[1]. Кейін оразаның қазасын өтейді. Үзір себепті ауыздарын ашқандықтан кәффарат міндеттелмейді. Оған қоса підияны да бермейді. Өйткені құрсақтағы немесе омырауындағы балаға қауіптенгені үшін ауыз ашқаны қарт кісінің мәселесіне ұқсамайды. Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын):
رَخَّصَ رَسُولُ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) لِلْحُبْلَى الَّتِى تَخَافُ عَلَى نَفْسِهَا أَنْ تُفْطِرَ وَلِلْمُرْضِعِ الَّتِى تَخَافُ عَلَى وَلَدِهَا.
«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үшін қауіптенетін жүкті әйелге және сәбиіне зиян жетуінен қорыққан емізуші әйелге ауыз ашуға рұқсат етті»[2], – дейді.
Егер емізулі әйел баласын өзінің сүтінен басқасымен (жаңа туылған нәрестелерге арналған қоспалар) емізуге шамасы келсе, аузын ашпайды. Ал оған жағдайы болмаса немесе нәрестесі оны қабылдамаса, онда емізулі әйел өзіне не баласына зиян жетуіне қауіптеніп, аузын ашады[3].
Сонымен қатар, дәрігер бала емізетін әйелге сәбидің еміне қажетті дәрумендер қабылдауды жазып берсе, онда оған ораза ұстамауына рұқсат етіледі. «әл-Фәтәуа әт-Татарханияда» былай келеді: «Шейхтан: «Іші өтіп жатқан емізулі балаға дәрі ішкізетін болса өліп қалу қаупі бар. Дәрігерлер анасы дәріні ішсе сүті арқылы кішкентай баланың емделетінін айтуда. Сондықтан бұл әйел рамазан айының күндізгі уақытында сол дәріні ішуі аса қажет болса, оған бұл үзірлі жағдайды негізге алып аузын ашуға бола ма?» –деп сұрағанда, ол: «Білікті дәрігерлер осылай тұжырым жасаса, ашуға болады», – дейді»[4].
Денсаулығына немесе сәбиге зиян келетін-келмейтінін немесе сырқатының қауіпті-қауіпсіздігін нақты анықтау үшін жақсы дәрігерге жүгінген абзал. Мұны барлық ислам ғұламалары қолдайды.
Ал, қазасын өтегенде оразаны қатарынан күнделікті ұстаса да, бөлек-бөлек ұстаса да болады.
Сұрақ: Жүкті әйелдер ораза ұстап жүріп, қан көрсе, оразасы бұзылады ма?
Жауап: Кейбір әйелдерге жүктілік кезінде келген қан хайыз немесе нифас қаны болып саналмайды. Ол – истихаза қаны[5]. Себебі нифас қаны – бала босанғаннан кейін келеді. Ал, жүктілік кезінде хайыз қаны келмейді. Сондықтан жүктілік кезінде келген қан истихаза қаны болып, оразаны бұзбайды.
Сұрақ: Бала босанғаннан кейін нифас қаны 40 күнге жетпей тоқтаса, оразасын жалғастыра ма?
Жауап: Нифас – бала дүниеге келгеннен кейін келетін қан. Оның көбі 40 күн, ал азында шегі жоқ[6]. Егер бала босанғаннан кейін нифас қаны 40 күнге жетпей тоқтаса, ораза ұстауға денсаулығы жараса, сол кезден бастап ғұсыл құйынып, оразасын жалғасырады. Ал бірер күн ғана тоқтап, қан қайта келсе, онда тоқтаған күндер нифас күндері саналып, ол күні ұстаған оразалардың қазасы кейін өтеледі[7].
Әйел адам бірінші баласын босанғаннан кейін нифас қаны қанша күн келсе, кейінгі нифас күндері осы күндермен есептеледі. Екінші баласын туғанда осыған мән беруі керек. Егер екінші баласын босанғанда нифас күндері алдыңғы босанған кезінен өзгеше болса, қырық күнге толмайынша барлығы нифас болып есептеледі. Алайда, қан тоқтамай 40 күннен асса онда алғашқы қалыптасқан уақыт мөлшерін негізге алып, ол күндері оқымаған намаздарының, ұстамаған оразалардың қазасы өтеледі.
Ал егер ең алғаш рет босанып, қанның келуі қырық күннен асып кетсе, 41-ші күннен бастап истихаза қаны болып саналып, ғұсыл құйынып, намаз оқиды, ораза ұстайды[8].
«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан
[1] «Әл-Ихтияр», 1/419.
[2] Ибн Мәжә, №1658.
[3] Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/439.
[4] «Әл-Фәтәуа әт-Татархания фил-фиқһи әл-ханафи», 2/115.
[5] «Әл-Лубаб фи шархи әл-китаб», 1/48.
[6] «Әл-Лубаб фи шархи әл-китаб», 1/48. «Әт-тасһил әд-дарури ли мәсаил әл-Қудури»: 1/26.
[7] «Әл-биная шарху әл-Һидая»: 1/691.
[8] «Әл-Лубаб фи шархи әл-китаб», 1/48.