Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына жұмыс сапары барысында әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайыппен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында әлемге әйгілі әл-Азһар университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің хал-ахуалы туралы сөз қозғалды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жоғарғы имам Ахмет Тайыпқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елдің руханият саласындағы маңызды орнын атап өтіп, имамдардың білімін жетілдіру және кадр дайындау жұмыстарын таныстырды.
Сондай-ақ алдағы уақытта әл-Азһар оқу орнына діни білім алу үшін елімізден келетін талапкерлерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы жолдамасы арқылы қабылдауын сұрады. Өз кезегінде шейх Ахмет Тайып Бас мүфтидің ұсынысын қолдады. Одан бөлек қазақстандық шәкірттердің әл-Азһар университетінде білім алуға ынталы екенін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Сонымен қатар кездесу барысында Наурызбай қажы Тағанұлы әл-Азһар шейхына ҚМДБ-ның Мысыр Араб Республикасындағы өкілі, «Талаба» халықаралық студенттер қауымдастығының жетекшісі Руслан Серғазиевті таныстырды.
Кездесу соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шейх Ахмет Тайыптың иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.