АТЫРАУДА ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде мешіт ақсақалдары мен қоғамдық ұйым өкілдеріне арналған тағылымды кездесу өтті.

Жиын барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ақсақалдарды мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен кейінгі ұрпаққа берер өнегесінің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ бас имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бағыты аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүр мен діни тағылымды сабақтастыру бағытындағы бастамалар туралы баяндады.

Басқосуға Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы, облыстық билер кеңесінің төрағасы Ақмырза Батырхайырұлы, ардагер журналист Кәрім Бақриденұлы, сондай-ақ мешіт ақсақалдары қатысты.

Кездесу барысында ақсақалдар өзара пікір алмасып, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және кейінгі буынға өнегелі тәрбие берудің маңызы жөнінде ой бөлісті.

Шара соңында қарияларға құрмет көрсетіліп, Сұлтан Бейбарыс мешітінде ақ дастархан жайылды.