Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған жұмыс сапарында дін қызметкері Өсімхан Тілеуовке баспана кілтін табыс етті.
Облыста 7 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Өсімхан Тілеуов Атырау қаласындағы «Әт-Тақуа» мешітінде имамдық қызмет атқарады. Жеті баласы бар отбасыға Бас мүфти үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
«Сіз діни ахуал күрделі аймақта табанды қызмет етіп келе жатқан белсенді имамсыз. Осыған дейін аядай бөлмені жалдап келсеңіз де бізге бірауыз шағым білдірмедіңіз. Сіздің дінге, елге деген табанды қызметіңіз, ерен еңбегіңіз өзге имамдарға үлгі болады деп ойлаймын. Сіз марапаттың қай түріне де лайықты имамдардың бірісіз. Міне, көп жылғы бейнеттің берекесі мен жемісін көріп отырсыз. Алла қуанышыңызды еселеп, қонысыңызды құтты етсін» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өсімхан Тілеуов имамдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетіп келе жатқан Бас мүфтиге, жомарт жандарға алғысын білдірді.
Айта кетсек, бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында республика бойынша берілген 351-інші баспана. Жоба аясында Атырау облысында баспанаға аса мұқтаж 20 отбасына пәтер берілді.
«Ел үлесі – пәтерге» жобасы әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж отбасылармен бірге дін қызметкерлерін баспанамен қамтуды көздейді.