Адам ағзасының пайда болу және даму процесі медицинада ХХ ғасырдың 70-жылдарының ортасында ғана толық дәлелденді.
Алайда, Алла Тағала адамзатқа бұл жөнінде VII ғасырда хабар берген болатын. Атақты канадалық анатом және эмбриолог, профессор Кит Леон Мур өз зерттеулерінде бұл тақырыпты аша түсті.
1980 жылы Кит Мур Король Абдулазиз университетінің (Сауд Арабиясы) эмбриологиялық комитетінен адам репродукциясы және ұрықтың құрсақ ішінде дамуына қатысы болуы мүмкін Құранның кейбір аяттары мен Мұхаммед Пайғамбардың (ﷺ) сөздерін түсіндіруге қатысу жөнінде ұсыныс алды.
Үш жыл бойы жалғасқан әріптестіктің нәтижесінде, Құран мен Сүннеттегі ғылыми құбылыстар комиссиясының басшысы шейх Абдул Маджид әл-Зиндани мен Мурдың «Адам дамуы: исламмен толықтырылған клиникалық бағыттағы эмбриология» атты бірлескен еңбегі дайындалды. Канадалық эмбриолог «Құран мен Сүннет негізіндегі адамның дамуы» атты жеке басылымда да өз бақылауларын қорытындылады. Ол Мурдың өзінің және 1980 жылдары Дакарда, Исламабадта, Каирде және Эр-Риядта өткен әртүрлі халықаралық конференциялардағы басқа да ғалымдар мен зерттеушілердің баяндамаларын қамтыды.
Ол былай деп жазды: «Эмбриология саласындағы алғашқы тәжірибелер мен зерттеулер біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда жүргізілгені белгілі: ежелгі дүниенің ғалымдары балапан эмбрионын зерттей отырып, кейбір қорытындылар жасауға тырысты, бірақ бір нәтижеге жете алмады.
Келесі екі мыңжылдықта эмбриология саласында айтарлықтай өзгерістер болмады. Тек XVII ғасырда микроскоптың ойлап табылуымен ұрықтың даму кезеңдерін зерттеуде біршама алға жылжу болды.
Мен бірнеше жыл бойы Құран мен хадистерді зерттеумен қатар ана құрсағындағы ұрықтың дамуын бақылай отырып, VII ғасырда түсірілген Қасиетті Кітапта бүгінгі ғылыми тұжырымдармен толықтай сәйкес келетін ғылыми мәліметтерді қамтитын жолдар бар деген қорытындыға келдім. Бұл жаңалық мені таңқалдырды.
Енді мен Құраннан таңдап алған сүрелерді эмбриология саласындағы соңғы жетістіктермен салыстыра отырып, түсіндіремін. Ұрықтың құрсақта циклдік дамуы туралы идея 1942 жылы ұсынылды, ал ғылыми ой ретінде ол тек 1974 жылы ғана түпкілікті қалыптасып және көптеген зерттеушілер арасында құпталды.
Құран мен хадистерде ұрықтың дамуы «үш қараңғылықта (қабатта)» болатыны анық айтылады. Бұл ақпарат соңғы ғылыми деректермен толығымен сәйкес келеді, онда ұрықтың үш қабық (қабат) астында
дамитындығы туралы айтылады: біріншісі – құрсақ қуысы, екіншісі – жатыр қабырғасы, үшіншісі – ұрықтанғаннан кейін пайда болатын амниокорионалды мембрана. Бұл үш анатомиялық қабық ұрықты сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғайды.
Құран аяттарында ұрықтың алғашқы апталардағы дамуы туралы баяндалады, ұрықтың «жабысқан сүлік» бейнесінен тістелген етке ұқсауына ауысуы туралы егжей-тегжейлі сипатталады. Бұл сипаттамалардың дұрыстығына күмән келтірмесек те, біз жиырма төрт күндік ұрықты сүліктермен салыстырдық, ол сөзбен жеткізе алмайтындай таңданыс тудырды: ұрықтың контурлары «жабысқан сүліктердің» контурымен толығымен сәйкес келді. Медицинада бұл кезең ұрықтың ананың жатырына жабысу кезеңі деп аталады («жабысқан сүлік» – таңқаларлықтай дәл бейнелейтін ұғым)».
Зерттеуші төмендегі аятқа сілтеме жасайды:
وَلَقَدْ خَلَقْنَا ٱلْإِنسَٰنَ مِن سُلَٰلَةٍ مِّن طِينٍ
Шүбәсіз, Біз адам баласын балшықтың қаймағынан (маңызынан, яғни, әр алуан минералдарға, түрлі органикалық заттарға бай балшықтан) жараттық. («Муминун» сүресі 23:12)
ثُمَّ خَلَقْنَا ٱلنُّطْفَةَ عَلَقَةً فَخَلَقْنَا ٱلْعَلَقَةَ مُضْغَةً فَخَلَقْنَا ٱلْمُضْغَةَ عِظَٰمًا فَكَسَوْنَا ٱلْعِظَٰمَ لَحْمًا ثُمَّ أَنشَأْنَٰهُ خَلْقًا ءَاخَرَ ۚ فَتَبَارَكَ ٱللَّهُ أَحْسَنُ ٱلْخَٰلِقِينَ
Содан соң ұрықты жатырға (сүліктей) жабысқан ұйысқан нәрсеге (ұйыған қанға) айналдырдық. Кейін әлгі жабысқақ нәрсені (ұйыған қанды) бір тістем етке ұқсаған шақалаққа (эмбрионға) айналдырдық. Содан кейін әлгі бір шайнам етке ұқсаған денені сүйекке айналдырдық. Сөйтіп ол сүйектерге ет кигіздік. Нәтижеде (оған он екі мүше, ерекше кескін-келбет беріп, рух үрлеп, бойына жан әрі күш-қуат бітіру арқылы) оны мүлдем басқа ерекше жаратылыс етіп шығардық. Ендеше, теңдесі жоқ, ең керемет жаратушы һәм шексіз
нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі болған Алла қандай ұлы десеңші! («Муминун» сүресі 23:14) عَلَقَةً «’алақ» сөзінің араб тілінде үш мағынасы бар: 1) сүлік, 2) ілулі зат, 3) ұйыған қан. Бұл сөздің ұрықтың пішініне көбірек сәйкес келетіні – бірінші мағынасы.
Кит Мур сонымен қатар мынаны атап өтеді: «Ғылыми дәлелдерге сәйкес, ұрық ұрықтанғаннан кейін он күннен кейін жатырға кіреді. Сегізінші аптада ол адам пішініне ене бастайды, жатырға енген сәттен бастап 50-55 күннен кейін ол өзінің келбетін толықтай алады. Айта кету керек, құлақтары мен көздері ертерек қалыптасады: төртінші аптада, яғни ұрықтанған мезгілінен 42 күннен кейін. Осыған байланысты біз бір топ зерттеуші Мұхаммед Пайғамбардың (ﷺ) хадистеріне жүгінгенде, еріксіз таңдандық».
Міне, имам Муслим келтірген Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінің мазмұны:
إذا مَرَّ بالنُّطْفَةِ اثْنَتانِ وأرْبَعُونَ لَيْلَة بَعَثَ الله إلَيْها مَلَكاً فَصَوَّرَها
وَخَلَقَ سَمْعَها وَبَصَرَها وجِلْدَها ولَحْمَها وعِظامَها ثُمَّ قالَ يا رَبِّ أذَكَرٌ أمْ أُنْثى…
«Бір тамшы шәует (құрсақта болғаннан) қырық екі күн өткен соң, Алла Тағала оған періште жібереді, періште оған пішін береді, есту және көру қабілетін береді, терісін, етін және сүйектерін жаратады да, сосын сұрайды: «Уа, Раббым, бұл еркек пе, әлде әйел ме?»
Бүгінгі ғылымда жаңалыққа айналған бұл құбылыстың бұдан 1400 жыл бұрын күні мен сағаты бүге-шігесіне дейін суреттелуі ғажап емес пе?!
Бұл хадисте терең мағына жатыр. Шындығында, ұрықтың даму кезеңінде сүйектер, бұлшықеттер, жүйке жүйесі және сезім мүшелері қалыптасады, бірақ жынысы әлі белгісіз болып қалады және бұның осылай хадисте келгені таңданыс туғызады.
Одан әрі Мур өзін таңқалдырған басқа да фактілерді келтіреді: «Неге Құран аяттарында төрт апталық ұрық тістелген етке ұқсатылады
және мұндай салыстыру қайдан шыққан?»
Қарастырылып отырған аяттың мағынасы ұрықтың тап сол даму кезеңінде зерттегеннен кейін белгілі болды. 28-ші күні эмбрионда жіпке байланған моншақ тәрізді, көрінетін іздер пайда болады. Олар тістің іздеріне ұқсайды. Түсінікті болу үшін біз жұмсақ материалдан ұрықтың пішінін жасадық та, тістедік. Біз бұл макетті түпнұсқамен, яғни төрт апталық ұрықпен салыстырған кезде, олардың өте ұқсас екеніне көз жеткіздік. Сондықтан да Құранда адам ұрығы дамуының бастапқы кезеңінде «тістелген етке» теңелген.
Сөз соңында Кит Мурдың тағы бір сөзін келтіргім келеді: «Біздің біліміміздің өсуі және ғылыми-техникалық прогрестің дамуы арқасында аяттар мен хадистердегі ғылыми ақпаратты түсіну және түсіндіру үшін аяттар мен хадистерді одан да тереңірек зерттей аламыз деп ойлаймын. Ғылым мен діннің арасындағы кедергілер Құрандағы ақиқат пен исламның арқасында жойылады деп сенгім келеді».
Ержан Қуанышұлы,
“Сұлтан Бейбарыс” мешітінің имамы.
Атырау қаласы