Ағаш еккен адамның оқиғасы

Алла Тағала адамды жаратылыстарының ішіндегі ең құрметтісі әрі жер бетіне басшы етті. Сансыз нығметтерді беріп, аспан мен жердегі бүкіл нәрсені адам баласына бойсұндырды. Сондықтан Алла Тағалаға шүкірлік етіп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауымыз қажет. Өйткені табиғат – Алланың бізге берген ең үлкен нығметінің бірі.

Шариғатымыз қоршаған ортаны таза ұстауға, қорғауға, ластамауға бұйырады. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 56-аятында: «Жер жүзі түзетілген соң жер бетінде бұзақылық жасамаңдар», – деген. Дініміз қоршаған ортаны қорғап, көркейтуге шақырады. Қараусыз қалған, құнарсыз жерлерді игеріп, егін мен ағаш егуге үндейді. Өйткені ағаш пен егін егудің табиғатқа, адамзатқа тигізер пайдасы көп. Ағаш егудің сауабы адам дүниеден өткеннен кейін де барып тұрады. Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе, одан адам, жануар не құс жесе, ол үшін садақа болып жазылады», – деген. Бұл хадис ағаш пен егін егудің қаншалықты маңызды сауапты іс екенін көрсетеді.

Бұл амал адамға тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де пайда әкеледі. Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен тағы бір хадисте: «Жеті түрлі амалдың сауабы пенде дүниеден өткеннен кейін қабіріне барып тұрады. Біреуге ілім үйретсе, құдық қазса, құрма немесе басқа да ағаштар ексе, мешіт салса, Құран кітабын мирас етіп қалдырса және қайтыс болғаннан кейін артынан оған жарылқау тілейтін ұрпақ қалдырса», – деген. Осы хадисте жеті амалдың, оның ішінде ағаш еккен адамға сауабы дүниеден өткеннен кейін де барып тұратынын ерекше атап өткен. Тіпті ол ағаш біраздан кейін өзгенің меншігіне айналса да, отырғызған адамға сауап жазылады. Имам Мүслим риуаят еткен хадисте: «…Сауабы қияметке дейін барып тұрады», – делінген.

Егіншілік – кәсіптің ең абзалы. Имам Мауарди: «Адамның күнкөрісі үш нәрсе арқылы болады: егіншілік, сауда-саттық және қолөнер. Мен үшін егіншілік – ең абзалы әрі ең жақсысы. Өйткені егіншілікте Аллаға тәуекел ету бар. Егін егу арқылы адамдар мен жер бетіндегі барлық жаратылыстың ризығына себепші болады. Осылайша сауапқа кенеледі», – деген.

Ағаш еккен адам Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына бөленеді. Әрбір адам Қиямет күні Алла елшісінің шапағатынан үміт етіп, оған лайық пенделер қатарында болуды қалайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кімге шапағат етсе, ол адам жәннатқа кіреді. Бурайда (Алла оған разы болсын) былай деді: «Мен Алла елшісінің: «Қиямет күні жер бетіндегі ағаштардың санындай адамдарға шапағат етуін үміт етемін», – деп айтқанын естідім»,– деген. Демек жер бетінде ағаш көбейген сайын, Қиямет күні Алла елшісінің шапағатына бөленетін адамдар да көп болады. Сондықтан ағаш отырғызуды көбейтуіміз қажет. Ағаш немесе егін еккен адамдар үшін Алланың періштелері кешірім сұрайды. Хадисте: «Ақиқатында егін немесе ағаш еккен адамға періштелер (еккені жасыл болып тұрса) кешірім тілейді», – делінген. Періштелер кім үшін кешірім сұраса, Алла соның күнәсін кешіреді. Сондай-ақ ағаштар Алла Тағалаға құлшылық етеді. Алла Тағала Құранның «Рахман» сүресінде: «Өсімдіктер мен ағаштар да Аллаға сәжде етеді», – деген.

Асыл дініміз бос жатқан жерлерді игеруге шақырады. Хадистерде: «Кімде-кім өлі жерді тірілтсе, яғни оны көркейтсе және оның өнімін тірі мақлұқаттар жесе,оған садақа ретінде жазылады», – делінген.

Сахабалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағаш егуге қатысты айтқан өсиеттерін ұстанып, егіншілікпен айналысты, мол өнім алу үшінжер өңдеді. Әбу Дәрда (оған Алла разы болсын) қартайған шағында Дамашық қаласында жеміс ағашын отырғызып жатса, бір кісі келіп: «Жасыңыз келіп қалды ғой. Мұны не үшін істеп жатырсыз?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда оған: «Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бiр мұсылман ағаш отырғызса немесе егiн ексе, оның өнімін адамдар мен жануарлар, жәндіктер мен құстар жесе, олар үшiн садақа болып есептеледi», – дегенiн естiгенмін», – деп жауап береді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін ағаш егуге қызықтырғаны соншалық, «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, Қиямет басталып кетсе де оны (үлгеретiн шама болса) дереу отырғызсын», – деген. 

Мұсылман жоғарыда айтылған аят-хадистерге амал ету арқылы қоршаған ортаның жақсаруына, адамзатты түрлі дәнді дақылдармен, жеміс-жидектермен қамтамасыз етуге, табиғатты аялауға үлес қоса отырып, мол сауапқа кенеледі. Біздің қазақта «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген даналық сөз бар. Саналы адам бүгінгі күнімен ғана өмір сүрмейді. Ақыретіне барып тұратын сауапты амалдар жасайды. Көшет отырғызу, ағаш егу – ең жақсы садақа әрі сауапты амал. Ендеше, табиғатты аялап, оны таза ұстау, жер бетін көркейту – өз қолымызда. Алла Тағала әрбiр жасаған амалдарымызды қабыл етіп, еккен ағаштарымыздың жемiсiн екi дүниеде жеудi нәсiп етсiн!

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №7, 2023 жыл