Алматы қаласында өткен «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ДІН ДҮРБЕЛЕҢІ»: КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ДІНГЕ ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯЛЫҚ ШАРАЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Талас Омарбеков «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік биліктің дін қайраткерлеріне ұстанымы: қасіретті сипаты мен салдарлары» тақырыбында баяндама жасады.
«Дін өкілдері дүние жинамады. Сондықтан 20-жылдардағы кәмпескелеу науқанына ілінбеді. Алайда 30-жылдары қазақ даласында бұрқ еткен халық көтерілістерінің басында дін өкілдері тұрды» дей келе сол уақыттағы дінге қарсы көтерілістердің ұйымдастырушылары болған Жұмағазы хазірет, Ақмырза имам секілді дін қайраткерлерінің қажырлы еңбегінен мысалдар келтіріп, олардың өздері мен отбасыларының қалай қудаланғанын атап өтті.
Сондай-ақ Талас Омарбеков баяндамасында Ахмет Әділбаев деген молданың Сталинге жазған хатынан үзінді оқып, қудаланған дін қайраткерлерін ақтау жолында тізе қосып еңбектену керегін алға тартты.