Алла елшісі с.а.с. бір хадисінде былай дейді «Кімде-кім бір жаман нәрсені Алла разылығы үшін тастаса, Алла оның орнына жақсы нәрсе береді».
Расында да, кімде-кім бір жаман әдеттен, теріс пиғыл-қасиеттен Алла разылығы үшін арылып, оған қайта оралмауға Раббысына серт беріп, уәдесіне тұрса, Алла тағала міндетті түрде оның орнын жақсы бір нәрсемен ауыстырады.
-Кімде-кім Алла разылығы үшін харам істерді істеуінен тыйылса, Алла оның иманын арттырады, халайықтың арасында ардақты етеді.
– Кімде-кім Алла разылығы үшін адамдардан қайыр сұрауын қойса, Алла Тағала оның жүрегін жай таптырып, адамдардың алдындағы беделін арттырады, адамдарға деген тәуелділіктен құтқарады.
-Тағдырға деген өкпе-ренішін тастап, барлық істі істердің иесі Раббысына тапсырған жанға Алла Тағала қанағат, разылық және айқын иман сыйлайды.
-Бақсы-балгерге, құмалақшыға барудан Алла разылығы үшін тыйылған жанға Алла Тағала сабырлылық, тәуекелділік сыйлап, иманын нығайтады.
-Алладан басқадан қатты қорқуды тастаған жанның Жаратушы Хақ Тағала барлық қауіптерін сейілтіп, аман-саулық нәсіп етеді.
-Дүниеге берушілікті Алла разылығы үшін тастаған адамға Алла Тағала ісін оңғарып, иман байлығын береді.
-Кім өтірік айтуды тастап, шындық айтуға дағдыланса, Алла оны игілікке бастайды, шыншылдардың қатарына жазады.
-Кімде-кім Алла разылығы үшін саудада қулық жасауын тоқтатса, адамдардың оған сенімі артып, қайыр-берекеге жетеді.
-Кімде-кім харам нәрсеге қараудан тыйылса, Алла Тағала оның жүзіне нұр, жүрегіне айнымас сенім сыйлайды.
-Кімде-кім сараңдықтан тыйылса, оны адамдар жақсы көреді, Алла Тағаланың разылығы мен жұмаққа жақындап, қайғы-қасіреттен, кеуденің тарлығынан аман болады.
-Кімде-кім Алла разылығы үшін жаман жолдастарымен байланысын үзсе, Алла Тағала оған иманды жолдастармен бірге болуды нәсіп етеді.
-Кімде-кім Алла разылығы үшін адамдар туралы жаман ойлауынан тыйылса, жүректің мазасыздығынан, достық пен сүйіспеншілікті бұзатын секемшілдіктен аман болады.
-Кімде-кім Алла разылығы үшін ата-анасын құрметтемеуін тәрк етсе, Алла оған игі ниетті ұрпақ сыйлап, жұмаққа кіргізеді.
-Кімде-кім Алла разылығы үшін еріншектіктен, жалқаулықтан бас тартып, еңбексүйгіштікке, қажырлы жұмысқа ден қойса, қажыр-қайраты артады, уақыты берекелі болып, қысқа уақытта көп іс тындыратын болады.
-Кімде-кім Алла разылығы үшін темекі шегуден тыйылса, Алла Тағала оның өз-өзіне деген сенімін күшейтеді, адамдардың арасындағы абыройын арттырады.
– Кімде-кім Алла разылығы үшін насыбай атудан тартынса, Алла оның орнын жақсы әдетпен, иман байлығымен ауыстырады.
Думан БАЛЫҚШИЕВ,
Жылыой орталық мешітінің ұстазы.