Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, адамзат тарихында Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы Нұр-Мүбарак университеті студенттерін бақыт жайлы ойлануға жетеледі.
Тәрбие істері және әлеуметтік даму департаменті мен Кітапхана ұжымы ұйымдастырған арнайы шарада студенттер ғұламаның «Бақыт философиясы» хақында бейнеролик не ұсынылымда қамтуы тиіс болды. Осыған орай түскен жобаларға университеттің Академиялық мәселелер департаментінің директоры философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы әрі фарабитанушы Жалғас Сандыбаев бастаған қазылар алқасы сараптама жасап, жеңімпаздарды анықтады.
Онлайн жүйесінде өткен қорытынды салтанатта ұлы ойшыл еңбектерінен кітап көрмесі ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы диплом мен құнды кітаптардан сый-сыяпат жасалды.
Жеңімпаз Еркін Естай М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының 4 томын иеленсе, Сұлухан Жаримбетова әл-Фарабидің таңдамалы трактаттарын, ал Мәди Төлбасы «Арабша-қазақша сөздікке» ие болды.
«әл-Фараби еңбектері университет кітапханасының құнды қорынан ойып орын алады. Бұл биылғы айтулы кезеңге сай ұйымдастырылған сайыс біздің студенттердің танымын кеңейтіп, шығармашылығын шыңдай түскеніне куә болдық»,-дейді кітапхана меңгерушісі Алтын Тоқан ханым.
Ия, ЮНЕСКО көлемінде өткен әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы елімізде Президент Қ.Тоқаевтың арнайы Қаулысымен ресми түрде жүйелі өтіп жатты. Осындай игі іске Нұр-Мүбарак университеті де белгілі деңгейде үн қосты деуге болады.