Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыда өтіп жатқан «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесінің ашылу рәсімінде үздік халал кәсіпорындарды марапаттады.
«Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылы 300-ге жуық кәсіпорынға «QMDB HALAL» таңбасымен арнайы жаңа сертификат табыстады. Ал осыған дейін, Діни басқармадан сертификат алған 1500-ге жуық кәсіпорын халал өнім өндіруде. Соның ішінде 700-ге жуығын қоғамдық тамақтану орындары құрайды. 2022 жылы 10 мың тоннадай өнім «QMDB HALAL» таңбасымен алыс-жақын елдерге экспортталды. Осы орайда шариғат талаптарын сақтап, көпшіліктің тұтынатын ас-суы мен тұрмыстық заттарына адалдық танытқан кәсіпорындарға, тер төгіп жүрген мамандарға, барша қызметкерге алғысымды білдіремін» деді Бас мүфти.
Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы «Үздік халал кәсіпорын-2023» және «Үздік маман-2023» номинациясы иегерлерін салтанатты түрде марапаттады.
Айта кетейік, екі күнге созылатын көрмеге «QMDB Halal» таңбасымен халал өнім өндіретін отандық кәсіпкерлермен бірге Қырғызстан мен Өзбекстан, Ресей мен Татарстан, Беларусь пен Моңғолия, Индонезия мен Малайзия мемлекеттерінен келген 100-ге жуық кәсіпорынның өнімдері (ет, құс, сүт, балық, бал, май өнімдері, жартылай дайын және кондитерлік өнімдер, Халал косметикалар, шұжықтар, БАД, тағам қоспалары, гигиеналық заттар, жуғыш заттар, фаст-фудтар, балмұздақтар, сусындар, т.б.) қойылған. Көрме Алматы қаласының «Бақшасарай» қабылдау үйінде өтіп жатыр. Шара аясында семинар халал саласына қатысты семинар-тренингтер өтеді.