Атыраулық дін өкілдері мұнайшылармен кездесті (+ ФОТО)

Атыраудағы ақпараттық насихаттық топ мүшелері «Атырау мұнай өңдеу зауыты» компаниясының жұмысшыларымен кездесті. Насихаттық топ мүшелері қатарында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, Атырау облысы дін істері басқармасының заңгері Ерлан Ерғалиев, «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қоры директорының орынбасары Ербол Жаулин, ардагер ұстаз Серік Сапанов бар.

«Дін және мемлекет» тақырыбында өткен кездесу барысында Бас имам жат ағымдардың адам баласына, отбасына, тұтас отбасына қоғамға зияны мен зардаптары туралы айтып берді.

«Діннің атын жамылған жат ағымдардың жастарды Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қойып жатқаны белгілі. Бұл өте қауіпті құбылыс. Мұндай түрлі жат ағымдардың жетегіне ерген жастарымыз балаларына тиісті медициналық екпе салдырудан, тексеруден бас тартып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өздеріне қол салып, әртүрлі жағымсыз жағдайларға тап болуда.

Бұл жерде бір ғана Сирия тақырыбы үлкен сабақ болуы тиіс. Сондықтан, дін мәселесінде қандайма ақпараттың өзін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты ақпарат көздерінен алуға шақырамын. Имам-ұстаздарымыз заман талабына сай насихатты мешітте ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен жүргізіп жатыр» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.