Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Құрманғазы ауданына арнайы сапармен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Құрманғазылық тұрғындармен кездесу кезінде Бас имам «Жаназа кезінде салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» тақырыбында сұхбаттасты.
«Кей жерлерде жаназа намазы оқылмай және мәйіттің жамбасы жерге тимей жатып, ас тарату әлі де орын алып жүр. Бұл дінге де, дәстүрге де қайшы әрі қайтыс болған адамның жақын туыстары қайғы құшып жатқанда өте ерсі көрінетіні айқын. Сондықтан, ақсақалдарымыз, зиялы қауым өкілдері арқылы қайғылы отбасында қазалы күн ішінде ас беруге тоқтау салуды ұсынамыз. Қазалы үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қоюды шариғатымыз құптай бермейді. Ондай адамдардың қазасына ортақтасып, көңіл айту, қол ұшын беріп, сабырға шақыру, қайғы-қасіреттерін жеңілдетуге тырысу – сүннет. Сондай-ақ, оларға тамақ әзірлеп апарып беру, алыстан келген қонақтарды ас-сумен қамтамасыз етуді туған-туыстары, жора-жолдастары немесе көршілері жасағаны дұрыс.
Ислам діні мен ұлттық салт-дәстүрлердің тығыз байланысы негізінде қайғы түскен отбасында құдайы ас (жетісі, қырқы, жылдығы) дастарханы барынша қарапайым болғаны абзал. Шариғаттың ысырапшылдыққа, мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген ас та төк ас, құдайы тамақ беруді міндеттемейтініне баса назар аударамыз және садақа астың ұзаққа созылған жиналысқа ұласуын құптамаймыз» деп атап өтті Бас имам.
Кездесу барысында ақсақалдар жаназа, садақа кезінде қарапайым ас мәзірін бекітуді қолдайтындарын айтты.