Амалдар ниетке байланысты

Қандай да бір істің орындалуында ниеттің орны ерекше. Адамның өз қалауымен жасаған жақсы – жаман әрбір ісі түпкі ниетіне байланысты.

Ниет – адам әрекетінің нақтылы мақсатын білдіреді. Ниетсіз, себепсіз алға мақсат қойылмайды. Ал ниеттің орныққан жері жүрек. Алла елшісі (ﷺ): «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды  дейді.

Хадистегі жүрек деп тұрған нәрсе ол адамның ниеті өйткені ниеттің орны, шығатын жері жүрек болғандықтан мекенді айтумен ниетті мақсат етуде. Жүрек – имандылық пен күпірліктің мекені. Сахаба Әбу Һұрайра (Аллаһ оған разы болсын) былай дейді: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деген.

Ниет ғибадаттарда шарт пен парыз ретінде маңызды. Кейбір жерлерде сүннет ретінде жүреді. Яғни бұдан шығатын қорытынды: ниетсіз ешбір іс болмайды. Ниет етпей ұстаған ораза арнайы мақсат етіліп ұсталған ораза ғибадатына жатпайды. Жай бір әдетке айналған амал болып қалады. Алайда Алла разылығы үшін ниет етілген әдеттер ғибадатқа айналатынын білген жөн.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «…..Кімде кім раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын,  – дейді.

Ислам ғұламаларының айтуынша, амалдан бұрын ниет етуді үйрен! Ниетке қарай кішкентай амал үлкен амалға айналады, үлкен амал кішкентай амалға айналады. Ниеті тура болғанға Алла да тура болады.

Алла Елшісі (ﷺ): «Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді» деген. Мүбах істер ниеттің себебімен ғибадатқа немесе күнәға айналады.

Жақсы іске ниет еткен адам, ол іс істелінсе де, істелінбесе де, сауапқа кенеледі. Бірақ ниетсіз жасалынған іске сауап жазылмайды. «Рия» амалы да күрішке түскен піте сияқты бар сауапты жойып отырады. Риядан сақтану оңай емес. «Мүміннің ниеті амалынан жақсы» деген сөздің хикметі де осы.

Мүминдердің әмірі Әбу Хафс Омар ибн Хаттаб (р.а) Алла елшісінің (с.а.у): “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның елшісіне қоныс аударатын болса, онда ол Алла және Оның елшісіне қоныс аударған болып табылады. Ал кім дүние немесе үйленетін әйел үшін қоныс аударса, онда ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)”,-дегенін естідім”,-деп риуаят етеді.

Ықыластылық – барша пайғамбарлардың қасиеті. Пайғамбарлардың қай-қайсысы да ғибратты ғұмырында тек қана Жаратушыны разы етуді қалап, өз міндеттерін қалтқысыз орындауға тырысқан. Аллаһым құлшылық-ғибадатымызда ықыласымызды арттырсын.

Салтанат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Орталық «Иманғали» мешітінің ұстазы.