“Иманғали” орталық мешітінің ұйымдастыруымен айтты сезіндіру, балаларға қуаныш сыйлау мақсатында 1200 балаға тәттілер мен балмұздақтар таратылды.
Айттың құрметіне мешіт жамағаты мен демеушілердің қолдауымен балаларға тегін балмұздақ таратылды. Бұл шара бүлдіршіндер үшін үлкен қуаныш сыйлап, мейрамның шаттыққа толы сәтін еселей түсті.
Облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы осындай игі дәстүрлердің қоғамдағы бірлік пен мейірімділікті нығайтудағы маңызын атап өтті. “Айт мейрамы – қуаныш пен ізгілік мерекесі. Балалардың жүзіндегі шаттық – біздің ең үлкен жетістігіміз. Осындай игі бастамалар жалғасын таба берсін!” – деді бас имам.
Мерекелік шара аясында мешіт ауласында түрлі ойындар ұйымдастырылып, балаларға сыйлықтар таратылды. Бұл игі іс-шара Ораза айттың рухани әрі қайырымдылыққа толы мәнін тағы бір мәрте айшықтай түсті.



