Атырауда ерекше балаларға Рамазан сыйы үлестірілді (+ ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық қорының» Атырау облысындағы өкілдерінің ұйымдастыруымен, Қайтпай Сұлтан мешітінің ұйытқы болуымен “Рамазан сыйы” қайырымдылық жобасы аясында №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы 110 тәрбиеленушіге тәттілер қоржыны үлестірілді.

«Қадірлі балалар, бүгін біз сіздермен бірге осы Рамазан айының берекесін бөлісіп, қуаныш пен жақсылықтың дәмін татып отырмыз. Рамазан – мейірім, жанашырлық және бір-бірімізге қолдау көрсету айы. Алла Тағала бізге осы айда бір-бірімізді қолдап, қуаныш сыйлауға мүмкіндік берсін. Осы мекемеде қызмет жасайтын апаларымызға, аналарымызға жақсылық берсін. Әрқайсыңызға бақыт, денсаулық және Алланың нұры тілеймін. Бүгінгі тәттілеріміз сіздерге қуаныш әкелсін. Барлықтарыңызға жақсылық пен игілік болсын, – деді Бас имам.

Орталықта 112 бала қызмет алады. Мекеме 1993 жылдан бері жұмыс жасайды. Орталықта дауна, аутизм, сал ауруымен ауыратын балалар ем қабылдауда. Балаларға психологиялық- медициналық-педагогикалық қызметтер көрсетіледі. Мекемеде стационарлық, жартылай күндізгі стационарлық топтар бар.