Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Атырау облысы имамдарының 2023 жылға арналған алқалы жиыны өтті.
Құрманғазы мәдениет үйінде өткен шараға Атырау облысы дін істері басқармасы басшысы Қайролла Көшқалиев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы және облыс, қала, аудан, ауыл имамдары қатысты.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ҚМДБ бекіткен 2023 жылғы жұмыс жоспарын таныстырды.
«Биылғы жылы мүфтият арнайы бес бағыт бойынша жұмыс жасауды тапсырды. Облысымызда рухани, ағарту, тәрбиелік бағытта биылғы жылы ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Олардың қатарында Бейбарыс бабамыздың 800 жылдығына орай ұйымдастырылатын республикалық конференция және экстремизмнің алдын алу бағытында жоспарланып отырған халықаралық конференция бар» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Сондай ақ, Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы биылдан бастап, республика бойынша 300 аудан, ауыл имамдарына мүфтият жанынан жалақы төленетінін хабарлады.
Атырау облысы имамдарының алқалы жиынында сөз сөйлеген Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Дүйсешұлы имамдарды әлеуметтік желіде белсенді болуға шақырды.
«Әлеуметтік желіні тиімді қолдану – жат ағымда жүрген қолданушылардың белсенді акаунттарын анықтап, тиісті жұмыс жүргізу үшін қажет. Имамдармен теологтардың бірлесіп атқаратын жұмыстары көп. Осы ретте, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған шараларды жоспарлап отырмыз» деп атап өтті басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев.
Еске сала кетейік, жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жеті негізгі жұмыс бағытын бекітті. «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу – ағарту», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша бүгінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілуде.