Атырауда өткен сайыста берілген бата түрлері

Назарларыңызға Атырауда өткен бата беру сайысындағы бірқатар бата түрлерін ұсынып отырмыз.

АҚ БАТА

Әуелі Құдай, біссіміллә,
Тайғақ кешу тар жолда,
Жарылқа АЛЛА әр жолда.
Құдайым жарылқасын, бай қылсын,
Төрт түлігіңді сай қылсын.
Кетпес дәулет берсін,
Кең пейіл берсін.
Сүрінгенде демей берсін,
Тарыққанда жебей көрсін.
Өмірден өткендердің,
Әруақтарына тие берсін.
Шаңыраққа кие келсін,
Осы әулет басы ұзамай,
Зор бақытты иеленсін!
Әумин!

ТӨЛЕ БИДІҢ БАТАСЫ

(Атқа қонған, таққа отырған азаматтарға)

Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің сағасы бол.
Бір елдің батасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Бір қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала!
Өзегің талса, өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өз-өзіңе кәміл бол,
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!

БАТА
Құдайдың құлымын дегейсің,
Мұхаммед үмбетімін дегейсің.
Шадияр досым дегейсің,
Имам ағзамның қауымында қыл,
Шайтанның сәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта,
Намаздың қазасынан сақта.
Пайғамбардың туында қыл,
Аузы кәусардың суында қыл,
Иман байлығын бер,
Деннің саулығын бер.
Әумин.

АЛҒЫС БАТАСЫ

Ауылдарың малды болсын,
Жылқыларың жалды болсын.
Азаматтарың аянбай еңбек етіп,
Ағайынның алды болсын!
Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басына,
Я, Құдайым, хақ тіледім,
Ашықтық берсін аспаныңа,
Отырған кәрі-жастарыңа.
Тепкілесе де кетпейтін
Бақ-дәулет қонсын бастарыңа!
Әумин.

МАЛ-ЖАНҒА БЕРІЛЕТІН БАТАЛАР

Е, Құдайым, оңдасын,
Мың саулығың қоздасын.
Сегіз түйең боталап,
Сегіз келін қомдасын.
Жүзге жетсін түйеңіз,
Үш жүз болсын биеңіз!
Әлдеріңнің келгенінше
Жығылғанды көтеріп,
Сүйенгенді сүйеңіз!
Тарығып келген адамға,
Бермесек, отқа күйеміз,
Бергенді тым-ақ сүйеміз.
Жомарттық қылып қолдасаң!
Әрбір жерде жар болсын
Иа Жасаған – Иеміз!

ШАҢЫРАҚҚА БЕРІЛЕТІН БАТА

Уа, отау иесі,
Қолдасын Хақтың киесі,
Инабатың игілікке бастасын,
Пейілің жамандыққа баспасын.
Ошағыңның оты сөнбесін.
Арың мен жаның арамдыққа көнбесін,
Босағаң берік болсын,
Қосағың жерік болсын,
Көңілің ашық болсын,
Өмірің нәсіп болсын.
Жақсының қадірін біл,
Кәрінің әділін біл.
Өнегеңді қазық ет,
Ақылыңды азық ет,
Сағың сынбасын,
Бағың нұрлансын.
Ойың көсем болсын,
Сөзің шешен болсын.
Осының бәрі –
Сөзімнің нәрі
Құдайдың назарына шалынып,
Тілеуім қабыл болсын!
Әумин!

ШАҢЫРАҚҚА БЕРІЛЕТІН БАТА

Маған жаптың шапан,
Көңілде болмасын қапаң.

Маған мінгіздің ат,
Қыз ұзатып, қызығына бат!
Маған атадың жол,
Ұл өсіріп мəре-сəре бол!

Маған бердің ет,
Келін түсіріп, тілегіңе жет!

Маған бердің сауға,
Басың түспесін дауға!
Алдыма салдың мал,
Алладан рахмет ал!

АС БАТАСЫ

Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тəңірі берген берекең,
Тепкілесе кетпесін!