Бүгін Атырау облысына қарасты барлық мешіттерде 8:00 де айт намазы оқылды.
“Иманғали” орталық мешітінде 5000 ға жуық жамағат айт намазына қатысты. Облыстың бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы жиылған жұртшылықты айт мерекесімен құттықтап тілегін жеткізді.
Аллаға шүкір, қасиетті Рамазан айы аяқталып, бүгін өздеріңізбен айт мерекесінде қауышып отырмыз. Айт сөзі «әл-иду» деген сөзден шыққан. Ол «мейрам», «мереке», «қуаныш», «шаттық» деген мағыналарды білдіреді. Ораза айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке. Ата-бабаларымыз бұған қатысты: «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар», – деп айтқан.
Бұл күні Алланың разылығы үшін әрі мол сауап алу мақсатында бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірін орындаған жандар Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш өзара өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі,-деп атап өтіп, айт намазының оқылу тәртібін түсіндірді.
Айт мерекесі қарсаңында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, балаларға тәттілер таратылды.













