Қасиетті Рамазан айында Атырауда барлық мешіттер жанынан киіз үйлер құрылып, ауызашарлар беріледі. Соның ішінде, орталық «Иманғали» мешітінде күніне 500 адамға ауызашар берілетін болады.
Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.
«Қазіргі таңда мешіттерде ауызашар беремін деушілердің тізімі жасақталып жатыр. Бір адамға ауыз аштыру құны – 2000 теңге болып белгіленіп отыр. Осы қаржы есебінен жамағатқа азық-түлік алынып, жалданып қызмет көрсететін аспаздарға, тазалықшыларға жалақы төленетін болады. Сонымен бірге, Рамазан айында Құран хатым түсіріледі, Тарауық намазы оқылады. Осы мақсатта облыстағы қариларымыз дайындық жасауда. Кей мешіттерге қарилар алынуда» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Сонымен бірге, Бас имам Рамазанды сезіндіру, дәріптеу мақсатында балаларға арнайы сыйлықтар таратылатынын атап өтті.
«Қасиетті айда Құран жарыстары, Алланың 99 есімін жатқа айтудан жарыстар өтеді. Жанашыр жандармен бірлесе отырып, азық-түлік тарату, киім-кешек тарату сынды қайырымдылық шаралары өтеді.
«30 күнде – 30 насихат», «Намаз оқып үйренейік» сынды ағартушылық бағыттағы шаралар да болады» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, қасиетті Рамазан айы 2 сәуірде басталады. Биыл ораза 30 күн болады. Сәуір айының 27-нен 28-не қараған түні – қасиетті Қадір түні. Пітір садақа мөлшері – 500 теңге.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.