Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау облыстық өкілдігі, орталық “Иманғали” мешітінің ұйымдастыруымен республикалық Құран жарысының Сауытбайқызы Түймеш атындағы облыстық кезеңін өткізді.
Сайыс екі бөлімнен тұрды. Құранның 10 парасын жатқа айту және Құранды мәнерлеп оқу бойынша облыстан 15 үміткер бақ сынады.
Үміткерлерге қойылған басты талап – Құранды мәнерлеп оқу, тәжуид ережелерін сақтау.
29 жасқа дейінгі жастар қатысқан сайыста Құранның 10 парасын жатқа айтуда Дәулет Нұрашұлы бірінші орын, Әлфараби Баймұхан екінші орын және Халим Мұстафа үшінші орынды иеленді.
Құранды мәнерлеп оқу бойынша, Жылыой ауданынан Арман Жамбылұлы бірінші орын, Қамбар Есенов екінші орын және Берік Тілепбергенов үшінші орынды қанжығалады.
Сайыстың ең жас қатысушысы 11 жастағы Арман Серіковке ынталандыру сыйлығы бұйырды. Жеңімпаз иегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталды.
Енді жүлделі бірінші орын иегерлері республикалық сайыста бақ сынайтын болады.
Қазылар алқасына төрағалық еткен Республикалық қарилар даярлау орталығының директоры Сәдуақас қари Олжабай сайысқа оң бағасын берді. Сайыстың демеушісі Еркін қажы Арынұлы Құран жаттаған өрендердің талабына риза болып батасын берді.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.