Атырауда шәкірттерге киім пішу бойынша дәріс өтті

Атырау қалалық «Құспан молла» мешіті жанындағы Сауат ашу курсында шәкірттерге марқұмның кебінін дайындау тақырыбы бойынша дәріс өтті. Дәріс барысында жаназаның шарттары туралы да ақпарат берілді.

«Кебін – марқұмның денесін орайтын ғұрыптық киім есебіндегі ақ мата. Кебін сөзі арабтың кәфәнә сөзінен шыққан, ол «орауыш» деген мағынаны білдіреді. Кебінге жаңа немесе жуылған таза жұқа кездеме, дәке пайдаланылады. Көпшілік кебін пішуді тәжірибе жүзінде үйреніп, өмірлік сабақ алды» дейді «Құспан молла» мешітінің имамы Арман Урумбаев.

Еске сала кетелік, Атырау қалалық «Құспан молла» мешіті жанындағы Сауат ашу курсында аптасына 3 мәрте дәріс өтеді. Курс барысында шәкірттерге «Құран», «Ақида», «Фиқһ» тақырыптары бойынша дәріс берілуде. Бүгінде курсқа қатысушы шәкірттер саны 60-қа жетті.