Атырау қаласындағы “Сұлтан Бейбарыс» мешітінде қасиетті Мәуліт айына орай, рухани кеш өтті.
Жамағатқа арнайы дастархан жайылып, Мәуліт оқылды.
Рухани кеште «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы Ержан Қуанышұлы жамағатқа “Пайғамбарымыздың өмірбаянын қаншалықты білеміз?” тақырыбында уағыз айтты.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) үш нәрседен сақтанатын:
Тартысудан және ұрсудан;
Қажетсіз сөйлеуден;
Өзін қызықтырмайтын іспен айналысудан.
Сол секілді өзгелер үшін де 3 нәрседен алыс тұратын:
Ешкімді сынамайтын;
Ешкімге тіл тигізбейтін;
Өзгелердің сырын білуді қаламайтын.
Пайғамбарымыз (ﷺ) сөйлеген кезде барлық сахабалар үнсіз қалып, бастарын иіп тыңдайтын. Көпшілік бір нәрсеге күлсе, ол тек күлімсіреп қоятын. Егер бөтен біреу оған құрметсіздік жасап, дөрекі сөйлейтін болса, Пайғамбарымыз (ﷺ) оны сабыр етіп, үнсіз тыңдайтын. Пайғамбарымыз (ﷺ) өзін мақтағанды жақсы көрмейтін. Біреу көрген жақсылығы үшін оған рахмет айтса, рахметін қабыл алатын. Ол ешкімнің сөзін бөлмейтін еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) өте жомарт еді. Онымен жолдастық еткендер оған қатты таңырқайтын» (Шибли, Ислам тарихы. Асры саадет. ІІ, 873-874 б.).
Міне көріп отырғанымыздай, екі дүниенің ардақтысы болған Пайғамбарымыз (ﷺ) осындай өнегелі мінез-құлыққа ие болған. Иншалла бізде мінезіміздің жақсы болуы үшін Аллаға дұға етіп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінезінен үлгі алайық» деп атап өтті «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы Ержан Қуанышұлы.
Наиб имам Сұлтан Қалтай және “Атырау қарилар медресесінің” шәкірті Айбек Омаров “Мәуліт шариф” оқыды.