Атырау облысының діни делегациясы Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетіне арнайы сапармен барып, оқу орнының басшылығымен және кездесті. Бұл іс-шараның мақсаты — Атырау облысын білікті діни кадрлармен қамтамасыз ету және жастарды туған өлкесіне қызмет етуге шақыру.
Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, Атырау облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Ізғалиев, «Шапағат» және «Жәрдем – Атырау» қорының өкілдері мен дін жанашыры Асылбек Болатұлы ҚМДБ төраағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек қажы Мұқатай, университет ректоры Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим мырзамен, проректоры Ершат Ағыбайұлымен кездесті.
Бас имам Болатбек Ұласқанұлы еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі Нұр-Мүбарак университетінің діни кадрлар даярлауда жоғары тәжірибеге ие екендігін айтты.
Бүгінгідей тағылымды жүздесуде сіздермен кездесіп отырғанымызға ерекше қуаныштымын. Нұр-Мүбарак университеті – еліміздегі ислам ғылымын өркендетіп, дін мен дәстүр сабақтастығын терең меңгерген, білімді де білікті мамандарды дайындап келе жатқан бірегей оқу орны. Ел мүддесі үшін қызмет ететін иманды кадрлар дәл осы қара шаңырақтан түлеп ұшып жатыр.
Сіздердің осы саладағы тынымсыз еңбектеріңіз – қоғамымыздың рухани дамуына қосылып жатқан үлкен үлес. Дегенмен, еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Атырау секілді шекаралық облыстарда, білікті имамдар мен діни мамандарға әлі де зәруміз. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Мешіттер көбейіп жатыр, халықтың рухани сұранысы артуда. Алайда соған сай кадрмен қамтамасыз ету – басты міндет. Жергілікті мешіттерге, медреселерге, сауат ашу курстарына ілімді мамандар ауадай қажет. Өйткені халыққа дұрыс бағыт көрсететін, діни сенімді адасушылықтан қорғайтын тұлғалар – дәл осы Нұр-Мүбарак университетінен түлеп шығатын шәкірттер.
Сондықтан сіздермен әріптестік аясында кадр дайындау ісінде сіздермен тығыз байланыста жұмыс істеуге әзірміз. Тек бір мақсат – елге, жұртқа адал қызмет ететін, білімді де сабырлы, отансүйгіш имамдарды тәрбиелеу,- деп атап өтті бас имам.
Өз кезегінде университет басшылығы жаңа заманның сұранысына сай кадрлар дайындауда бірлесе жұмыс жасайтындықтарын жеткізді. Бұл кездесу Атырау облысының діни саладағы кадрлық әлеуетін арттыру және жастарды ұлттық құндылықтарға негізделген рухани қызметке тарту мақсатында маңызды қадам болып табылады.





