Ауруды зиярат ету

Осман (р.а.)  былай деген:

«Төрт нәрсенің сырты артықшылық, іші парыз.

1-Ізгі адамдармен бір болу – артықшылық, ал олардың ізімен жүру – парыз.

2-Құран оқу – артықшылық, онымен амал істеу – парыз.

3-Қабірді зиярат ету – артықшылық, ал қабір әлеміне дайындалу – парыз.

4-Әл үстінде жатқан аурудың жағдайын білу – артықшылық, ал оның соңғы өсиетіне құлақ асу – парыз іс».

      Ия, мұсылман аурып жатқан бауырының хәлін сұрауы міндет болады. Сонымен қатар Раббысының рахметіне бөленеді және періштелерде ол үшін Алладан кешірім сұрап жалбарынады екен. Оған келесі оқиға дәлел бола алады: 

         Табиғин ғалымдарынан болған Әбдуррахман ибн Әбу Ләйла былай дейді:

Бір күні Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) ауырып жатқан Әзіреті Әлидің ұлы Хасанды (р.а.) зиярат етуге келді.

 Әзіреті Әли (р.а.) оған:

– Ауруды зиярат етуге келді бе, жоқ әлде жай кездесуге келдің бе? – деп сұрайды. 

Сонда Әбу Мұса әл-Әшғари:

– Ауырып жатқандықтан, зиярат етуге келдім, – деп жауап береді. Сонда Әли (р.а.) оған былай деді:

– Егер ауруды зиярат ету үшін келген болсаң, саған Пайғамбарымыздан ﷺ естіген мына хадисті айтайын: «Кімде-кім ауырып жатқан бір мұсылман бауырын зиярат ететін болса, сол жерде отырған уақыт бойы ол Жәннат бақшасында жүргендей болады. Аурудың жанында отырған кезінде ол Алланың рахметіне бөленеді. Егер ауруды таңертең зиярат ететін болса, жетпіс мың періште кешке дейін оның кешірілуі үшін Аллаға жалбарынады. Егер ауды кешке зиярат ететін болса, онда да жетпіс мың періште таңға дейін Алланың кешіріміне бөленуі үшін Аллаға жалбарынады» 

(Тирмизи, Ибн Мәжә) 

       Жаратушы Раббымыз өзінің рахметінен айырмасын, әрдайым ауру кісілердің хәлін сұрауды ұмытпайық. 

Әбділкәрім Болат,

«Әт-Тақуа» мешітінің ұстазы, Атырау қаласы.