АТЫРАУЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы және жергілікті дін істері басқарамасының өкілдері Нұр-Мүбарак университетінде оқу орнының басшылығымен және студенттерімен кездесті. Бұл іс-шараның мақсаты — Атырау облысын білікті діни кадрлармен қамтамасыз ету және жастарды туған өлкесіне қызмет етуге шақыру.

Жұмыс берушілердің 2024-2025 оқу жылы түлектерімен кездесуі аясында ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай, Атырау облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Ізғалиев, облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, «Шапағат» және «Жәрдем – Атырау» қорының өкілдері университет ректоры Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим мырзамен мен проректоры Ершат Ағыбайұлымен кездесті.

Іс-шара барысында атыраулық кәсіпкерлер тарапынан бөлінген шәкіртақылар студенттерге табысталды.

Аллаға шүкір, соңғы жылдары Атырау облысында мешіттер саны көбейді. Азаны бар ауылдар саны артты. Сонымен бірге, қайырымдылық мекемесі санатындағы Құран жаттау және сауат ашу орталықтары ашылды. Салаға білікті мамандар ауадай қажет. Дін саласындағы мамандарға мейілінше баспана беріліп, әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда,- деп атап өтті өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.

Қазіргі уақытта Атырау облысынан Нұр-Мүбарак университетінде 91 студент білім алуда. Оның 64-і грант иегерлері

Бұл кездесу Атырау облысының діни саладағы кадрлық әлеуетін арттыру және жастарды ұлттық құндылықтарға негізделген рухани қызметке тарту мақсатында маңызды қадам болып табылады