Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданының Бейбарыс ауылына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында жергілікті Қасым хан мешітінің жамағатымен кездесті.
Пандемия жағдайында мешіттер қатаң карантин талаптарын сақтай отырып жұмыс атқаруда. Әзірге облыс мешіттерінде жұма намазы оқылып жатқан жоқ. Десе де, бес уақыт намаз әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып өткізілуде.
Кездесу барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы ауыл үлкендерінің ел бірлігінің ұйытқысы екендігін атап өтті. «Еліміздің ынтымағы жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Қарты бар елдің қазынасы бар. Мешіттерімізде алдыңғы сапта ақсақалдарымыз жүрсе, үлкеннің сөзінен әрі үйде, әрі мешітте тәлім алып өскен ұрпақтың болашағы да жарқын болады» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұрғызылған Қасым хан мешітін өткен жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп ашқан болатын.
300 орындық мешіт жанында асхана, имам үйі бар.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.