Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы композитор, жазушы, публицист, музыка танушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановтың шаңырағына барып, Рамазан айымен құттықтады.
«Өзіңізді ораза айымен құттықтап, арнайы келдік. Қазақ руханиятына, өнері мен мәдениетіне қосқан еңбегіңіз ерен. Сіздің өміршең туындыларыңызды халық әлі күнге дейін жадында сақтап келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірге сапары кезінде өзіңізбен жүздескен болатын. Біз әрқашан ақсақалдарымызға құрмет көрсетеміз. Бүгінгі буын ұрпаққа үлгі болып жүре беріңіз», – деп тілегін жеткізді Бас имам.
Сондай-ақ, Бас имам мүфтият баспасынан жарық көрген «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын қаламгерге табыстады.
Сұхбат барысында Ілия Жақанов имамдарға, дін қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, қазақтың бай, рухани мұрасын бабалар шығармашылығын дәріптеуде бағыт-бағдар беруге ниетті екенін жеткізіп, өзінің еңбектерін бас имамға сыйға берді.



