Албания Республикасының Президенті Байрам Бегай елімізге жасаған мемлекеттік сапары барысында Астанадағы Республикалық бас мешітті арнайы аралап көрді. Зәулім мешітті мәртебелі мейманға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы таныстырды.
Қасиетті жұма күні Бас мешітке арнайы келген Байрам Бегай әлемдегі ең үлкен он мешіттің қатарына кіретін зәулім ғимаратқа таңданысын білдірді. Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Байрам Бегай мырзаға ілтипат білдіріп, тарихта Албания Президентінің Қазақстанға жасаған тұңғыш сапарында мешітке арнайы бас сұғуы мұсылмандар үшін мәртебе екенін жеткізді. Сондай-ақ Албания Президенті Бас мүфтиге қонақжай құрметі үшін алғысын білдіре келе:
«Мешіт – мейірімділік мекені. Әлемде қаншама қақтығыстар, соғыс болып жатса да, Ислам діні жаһанды бейбітшілікке, ынтымаққа шақырады. Ал мешіттеріміз – бірлік пен татулықтың символы саналады» деді.
Еске сала кетейік, Албания – Балқан түбегінде орналасқан шағын ғана мемлекет. Халқының тең жартысынан көбі Ислам дінін ұстанады.