Бүгін Атырау облысына ресми сапармен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Иманғали» орталық мешітінде өңір имамдарына дәріс оқыды.
«Жат ағымның алдын алу және оның әдістемесі» тақырыбында насихат айтқан Бас мүфти: «Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем уағыз айтуға үндеген. Алла елшісі үйреткендей, насихат айтқанда қолданатын ең маңызды тәсіл – халыққа Ислам дінін сүйіншілеп жеткізу. Дін тақырыбында ешқашан талас-тартысқа түспеңіздер. Талас-тартыс мұсылманның жүрегін әлсіретеді. Уағыз-насихат жұмысында әр аудиторияның өз деңгейіне сәйкес сөйлеуге мән беруіміз керек» деді.
Наурызбай қажы Тағанұлы имамдарға дағуат әдістері жайлы айта келе, оларды белсенді жұмыс істеуге шақырды. Кездесу соңында Бас мүфти дін қызметкерлеріне «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.
Бас мүфти дәрісіне Атырау қаласы мен аудан имамдары қатысты.