Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына жасаған сапары аясында «Иманғали» мешіті жанынан ашылған Қайырымды кәсіпкерлер алқасына қатысып, дін жанашырларын алғыс хатпен марапаттады.
«Мұсылман баласының атқаратын әрбір ісінде береке мен сауап бар. Сол сауапты істердің бірі – өзгеге жәрдем ету, тілеулес болу. Біреуге жәрдем беру, өзгенің қамын ойлап, жақсылық жасау – қоғамдағы өмір сүрудің алғышарттарының бірі. Өйткені адам баласы бір-біріне жәрдемдесу арқылы өмір сүреді.
Біздің бабаларымыз да ұрпақтарын әрдайым жақсылық жасауға, өзгеге қол ұшын беріп көмектесуге насихаттап отырған. Айталық, көршіге көмектесу, жетімге қарайласу, мұқтаж болған кісілерге жәрдем беру, жолда қалғандарға пана болу секілді қайырымды істер халқымызда өмірлік дәстүрге айналған. Сондықтан халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»,«Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі» деп жақсылық жасауға, басқаларға көмек беруге шақырып отырған.
Сіздер әрқашан мешіттеріміздің игі бастамаларына қолдау көрсетіп келесіздер. Осы ретте өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан айрықша алғыс білдіремін. Алла разы болсын» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.