ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Бақытты шаңырақ» мүгедектігі бар бала тәрбиелейтін отбасылар қорына арнайы барды. «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен орталық қызметкерлеріне Ораза Айт сыйлығы үлестірілді.
«Бақытты шаңырақ» атты көпсалалы халыққа қызмет көрсету орталығының негізін қалаушы Ботакөз Сұлтанованың өтінішіне сай 50 сөмке азық-түлік жеткізілді.
Бас мүфти бастаған Діни басқарма ұжымы алдымен «Бақытты шаңырақ» қорының жұмысымен танысып, қасиетті айдағы насихатын жеткізді.
«Қазіргі қоғамға руханият, мәдени білім қажет. Адамға мейірім керек. Бір жылы сөздің өзі қуантады. Ислам діні – мейірім діні. Бір адамды қуанта білсек қандай бақыт. Айналамызға шаттық сыйлап, мәдениеттің үлгісін көрсете білсек қоғамға пайдамыз тиеді. Сіздер сынаққа мойымай әрі жұмыс істеп әрі балаға қарап отырсыздар. Бұған үлкен күш керек. Алла жар болсын. Ораза қабыл болсын!» деп орталықтағы аналарға ақ батасын берді.
«Бақытты шаңырақ» қорының негізін қалаушы Ботакөз Сұлтанованың айтуынша орталықта 13 түрлі қызмет көрсетіледі.
«Қорда 380 отбасы бар. 900 баланың 400-і мүгедек. Ал жалпы алғанда қорға қарасты 2100 адам бар. Мақсатымыз осындай түрлі топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырға аналарға жұмыс тауып беру әрі оларды оқыту. Болашақта өзінің жеке бизнесін ашуға да жәрдемдесеміз. Бүгін Діни басқарма тарапынан көрсетілген көмек үшін Сіздерге шексіз ризамыз» деді Б.Сұлтанова.
Айта кетейік бүгінгі ерекше балалардың ата-аналарына көмек көрсету, қолдау және дамыту қорында өткен игі шараға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының басшысы Талғат Сейіткәрімұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов қатысты.