Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әзербайжан астанасы Баку қаласында Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Задемен кездесті.
«Бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік үшін диалог: ынтымақтастық және өзара іс-қимыл» тақырыбында ұйымдастырылған VI әлемдік мәдениетаралық форум аясында өткен кездесуде екі елдің рухани байланысы, түркі мемлекеттерінің қарым-қатынасы, сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттердің Мүфтилер алқасының жұмысы сөз болды.
«Өзіңіз жақсы білесіз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамашылдығымен қасиетті Түркістан қаласында Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасы құрылды. Оған өзіңіз арнайы келіп қатыстыңыз. Сіздің жоғары деңгейде ұйымдастыруыңызбен Алқаның кезекті басқосуы Баку мен Шуша қаласында өтті.
Алла қаласа, біздің елімізде осы жылы Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасының кезекті отырысы өтеді деп жоспарлануда. Оған өзіңізді тағы да арнайы шақырамын. Біз бұл бағыттағы ортақ жұмыстарымызды жүргізе беруге әрқашан ниеттіміз. Алла Тағала бүгінгі басқосуымызды да мұсылман үмбеті үшін нәтижелі еткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Заде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлына VI әлемдік мәдениетаралық форумға қолдау білдіріп келгені үшін алғысын білдірді. Одан бөлек, бауырлас халықтардың Бас мүфтилерінен құралған алқа жұмысына сәттілік тілеп, халықаралық деңгейдегі игі бастамаға ұйытқы болған Наурызбай қажы Тағанұлына ризашылық ниетін жеткізді.