Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Мүбарак университетінің ұжымына жаңадан тағайындалған ректор, әл-Азһар университетінің профессоры Ахмад Хусейн Мухаммад Ибраһимді білім ордасының ұжымына ресми түрде таныстырды.
Салтанатты шараға Мәдениет және Ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов арнайы қатысты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңадан қызметке келген ректорды құттықтап:
«Бұл оқу ордасы Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасының тарихи әрі рухани байланысының нәтижесінде құрылған. Ширек ғасырға жуық тарихы бар еліміздегі бірегей діни білім ордасы ретінде Нұр-Мүбарак университетіне артылатын үміт үлкен. Осы орайда сізді өзіңізге жүктелген міндетті сезініп, Нұр-Мүбарак университеті жұмыс процесінің одан ары дамып, білім сапасының жетілуіне аянбай қызмет етеді деген сенімдемін. Жауапты һәм сауапты қызметіңізге сәттілік пен береке тілеймін» деді.
Ал өз кезегінде Ахмад Хусейн Мухаммад: «Мен осы сенімді ақтау үшін бар күшімді салып білім беру ісінде де маңызды жұмыс атқарамын» деп атап өтті.