Бас мүфти Қырғызстанмен арада ынтымақтастық артатынын айтты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қырғызстан мүфтиі Замир Шейшенбекұлымен кездесіп, ортақ мәселені талқылады.

Кездесуде екіжақты байланысты арттыру, ортақ пәтуа қабылдау, мұсылман мерекелерін бір күнге белгілеу, шариғат және пәтуа саласы бойынша ынтымақтастықты нығайту сынды мәселелер сөз болды.

Наурызбай қажы Тағанұлы Замир Шейшенбекұлын Қырғызстан мүфтиі лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Өз кезегінде Замир Шейшенбекұлы Ош қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мазмұнды баяндама жасаған Наурызбай қажы Тағанұлына алғысын білдіріп, ризашылық ниетін жеткізді.

Басқосу соңында тараптар Қазақстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармалары арасында екіжақты ынтымақтастықты арттыруға арналған меморандум қабылдауға уағдаласты.