Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған сапарында Құрманғазы ауданында болып, халықпен кездесті.
Сонымен қатар аудандық мешітте радикалды райынан қайтқан азаматпен сұхбаттасты. Кездесуге Құрманғазы ауданының әкімі Марат Бисенғалиұлы, Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысты.
«Халқымызда «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген жақсы сөз бар. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көпшілік жамағатпен бірге болуды өсиет еткен. Дінде бүлік жасаудың жауапкршілігі ауыр болатынын жақсы білесіз. Сізге біздің имамдарымыз моральдық және материалдық тұрғыдан көмектесуге әрқашан дайын. Алла жар болсын» деді. Кездесуде Бас мүфти дұға жасап, ізгі тілегін білдірді.
Басқосу барысында радикалды райынан қайтқан азамат діни оңалту жұмыстары бойынша белсенді көмек көрсеткен аудан имамдарына алғысын жеткізді.
Айта кетсек, Бас мүфти бастаған ұстаздар мен имамдар Атырау облысында бір күнде 1201 адаммен кездесіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.