Бас мүфти жүргізген онлайн жұма уағызының толық нұсқасы жарияланды (+ ВИДЕО)

amin.kz/20 наурыз, 2020 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам – тазалық діні» атты онлайн жұма уағызының толық нұсқасы жарияланды.

Бас мүфти уағыз барысында жұқпалы аурудың таралу себебіне байланысты елдің амандығы үшін түрлі шаралар қолға алынғанын атап өтті. Және қасиетті Құранға, Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетіне сүйене отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің уақытша жұма намазын тоқтатуға шешім қабылдағанына тоқталды.

«Ондағы мақсат – аурудың таралып кетуінің алдын алу, халқымыздың амандығын сақтау» деп нақтылады өз уағызында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Уағыз барысында Бас мүфти қасиетті Меккеде, көптеген мұсылман елдерде қазір жаппай дұға жасалып жатқанын атап өтті.

«Аллаға сенген мұсылман үшін мешітке бару, жамағатпен намаз оқу үлкен бақыт. Бұл жағдайды ойлаған кезде әрине көңіліміз босап, көзімізге жас келіп жатыр. Алла Тағала дұғаларымызды қабыл етіп, елімізде мамыражай тірлік орнап, мешіттерге жамағатпен оралуымызды нәсіп етсін» деді Бас мүфти.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.