Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласындағы өкілдігінде «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты форум ұйымдастырылды.
Форум жұмысына арнайы шақырылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғысөз алып, барша имамдарға қазіргі заман имамының келбеті турасында дәрісін жеткізді.
«Биыл жыл басында Төралқада Өзімнің бағдарламалық баяндамамды жарияладым. Сонда біз енді 7 бағыт бойынша жұмыс істеуге көшетінімізді айттым. Имамдық қызмет үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Имам – басшы әрі қоластындағыларға жауапты» – деген. Әрине, мұндай жауапкершілікті атқару үшін, өз болмысымен үлгі-өнеге болатын, дін ісі мен дүниені қатар алып жүруге баулитын көркем мінез-құлық пен ұстаздық қабілет-қасиет, белсенділік пен азаматтық сипаттар имамнан талап етіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын жұртшылыққа маңызды деген пәтуалар мен қатар құжаттарды таныстырып келеді. Бұл жамағатқа да имамға да аса қажет дүние. Сіздер имамның тұлғалық келбетін дамыта отырып, Өздеріңіз тұлға тәрбиелейтіндей жағдайда болу керексіздер. Әрбір істе табандылық танытып, шынайы ықыласпен істегенде ғана берекелі болады. Өздеріңізге, отбасыларыңызға амандық тілеймін» – деп барша имамдарға елеулі еңбектері үшін алғысын жеткізді.
Осы форум аясында Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров өз салаларына қатысты қажетті ақпараттармен бөлісіп, арнайы баяндама жасады.
Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл бойы жеті бағыт бойынша үздік қызмет еткен бірқатар имамдарға алғыс хат пен қаржылай сыйақы табыстады. Тағы бір айта кетерлігі, Рамазан айында белсенділігімен көзге түскен бірқатар имамдарға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің Алғыс хаты берілді.