Өңірдің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы Исатай ауданына сапары барысында аудандағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтау және қоғамда рухани тәрбие жұмысын жандандыру.
Жиын барысында бас имам діннің адамзат өміріндегі орны, ұлттық сана мен руханияттың байланысы туралы сөз қозғап, бүгінгі қоғамда имандылықтың маңызын атап өтті.
Сіздер әрдайым ақыл-ойыңызбен, ұлтқа деген жанашырлығыңызбен ел ішінде руханияттың дамуына үлес қосып келесіздер. Қазіргі таңда жастарымызға дұрыс бағыт беру, олардың бойына ізгілік, мейірімділік, адамгершілік сияқты қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл ретте дін мен дәстүрдің үндестігі – басты бағдар болуға тиіс,» – деді бас имам өз сөзінде.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері де өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұлттық бірлік пен тәрбие мәселесіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Олар жастарды жат ағымдардан сақтау, діни сауаттылықты арттыру және рухани тұрақтылықты нығайтуда мешіттің рөлі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ел ішінде жаназа және жерлеу рәсімдері, зиярат мәдениетін сақтау тақырыбында да ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласып, осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді. Бас имам аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Ғатихұлына мүфтият баспасынан жарық көрген «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын сыйға тартып, алдағы уақытта кітапхана қорларына жеткізу жоспарда бар екендігін атап өтті.












