Дұға жасаудың әдебі туралы не білеміз?

Мұсылманның қаруы – дұға.

Сондықтан да, әр қадамын мұсылман баласы дұға арқылы жүзеге асыруы керек.

Дұғаның маңыздылығы жайлы Қасиетті Құранда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде көп айтылған. Тіпті, Алла Тағала адамның өмірінде дұғасы болмаса ешбір маңыздылығы жоқтығын да аяттарда ескерткен.

Дұға жасаудың әдебі қандай?

Біріншіден, дұғаның қабыл болуы үшін ізгі амалдар арқылы әрекет етуіміз қажет.

Ғалымдар мұны «фиғли дұға», яғни, ісіміз арқылы Ұлы Жаратушыдан тілеу деп түсіндіреді.

Мысалы, жер жыртып, дән сеуіп, оны жаз бойы суарып, өсіп-жетілуі үшін керекті барлық іс-шараларды атқару. Мұндай дұға Алла Тағаланың орнатқан заңдары мен себептерін орындау арқылы жүзеге асатындықтан, көбіне қабыл болады.

Ал, екінші дұға «қаули дұға», яғни, сөзбен не жүрекпен тілеу арқылы болатын дұға. Қаули дұғадан бұрын фиғли дұға жасалу керек.

Екіншіден, дұғаны шынайы ықыласпен жасау.

«Аллаға шынайы ықыласпен дұға қылыңдар» деген аят осыған шақырады.

Үшіншіден, харам аспен қоректенбеу.

Адамдардың көбісі дұға жасай салып, дұғам қабыл болмайды деп шағым айтып жатады, алайда ішкен-жегені мен нәпақасын қалай тапқанына аса көңіл аудармайды.

Үшіншіден, құбылаға қарап, дұға жасау.

Төртіншіден, дұға жасағаннан кейін бетті сипау.

Бесіншіден, қасиетті мекендер мен уақыттарда жасау.

Дұға жасауға кез-келген уақыт пен кез-келген орын лайық. Бірақ ерекше аталған қасиетті жерлер мен қадірлі уақыттарда жасалған дұғаның айрықша қабыл болатыны туралы да хабарлар бар.

Сол хадистің бірінде:

«Құл сәжде кезінде Раббысына ең жақын болады. Сондықтан, сәждеде мол дұға қылыңыздар» деген.

Ең бастысы, дұға тілегенде тек бір Алладан ғана сұрау керек.

Және Алла Тағаланың көркем есімдерімен дұға тілеу; «Раззақ» есімі арқылы ризықтың сұралуы, «Рахим» есімі арқылы мейрімділіктің қалануы, Шаафи есімі арқылы неше түрлі ауруларға шипа тіленуі дұғаның бір хикметіне жатады.

Құдайдан не сұрау керек?

Бір кісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп:
«Раббымнан сұрағанымда не сұрауым керек?» деген сауал қойыпты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):
«Былай деп сұра! Уа, Аллаһым! Күнәмді кешір! Мені рақымыңа бөлей гөр! Маған есендік бер! Маған мол ырыздық нәсіп ет! Міне осылар саған дүниең мен ақыретіңе қатысты бар (жақсылықты) қамтиды» деген екен.
Хадисті имам Мүслім (Алла оны рақымына бөлесін) риуаят еткен.

Дұғаларыңыз қабыл болсын!

Арман ИСАЕВ,

Атырау облысы орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы.