Бүгін Шымкент қаласында Бас мүфтидің бастамасы ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің ұйымдастыруымен «Halal EXPO-2021» көрмесі басталды.
Іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы қатысты.
Алғысөз алған Бас мүфти халал индустриясын дамытуға үлес қосқан барша кәсіпорынға алғысын білдірді. «Halal EXPO-2021» халықаралық көрмесі елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 7 бағытқа ерекше басымдық береді. Мүфтият көптеген шариғат шеңберіндегі жұмыстарды назардан тыс қалдырған емес. Соның бірі де бірегейі – халал саласы.
Халал – барша мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты іс-әрекеттер. Бұл тек Ислам дініне тән ұғым. Бұл жөнінде Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Біз ризықтандырған (адал) тағамдарды жеңдер. Алла Тағалаға шүкір етіңдер. Оған ғана құлшылық етіңдер», – делінген. Адал астың құлшылық, тіршілікке тікелей қатысы бар. Сондықтан бұған аса мән беру керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Сондай-ақ Бас мүфти үздік тауар өндірушілер мен белсенді жұмыс атқарған жергілікті бақылаушы-инспекторларды арнайы марапаттады.
Көрме барысында Бас мүфти бастаған делегация жәрмеңкені толық аралап шықты. Көрмеге 50-ден астам отандық кәсіпорынның өнімдері қойылған. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елінің де кәсіпкерлері өз тауарларын әкелген.
Айта кетейік, халықаралық көрме екі күнге жалғасады.